Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2008 жылғы «19» қараша
№ 613 бұйрығымен бекітілген
ШЕТЕЛГЕ ОҚУҒА ЖІБЕРУ ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер:
1. Осы Шетелге оқуға жіберу ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді, және шетелге оқуға жіберу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереженің шарттары Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде оқитын талапкерлерге қатысты емес.
3. Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - уәкілетті орган) келісімі бойынша өз жұмысының ерекшілігіне сәйкес шетелдік білім, ғылым және мәдени ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен екі жақты және көп жақты байланысты орнатады, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар (бұдан әрі - шарттар) жасайды, студенттермен, магистранттармен, докторанттармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысуға, білім саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастық) кіре алады.
4. Білім беру ұйымдарында білім алатын немесе жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары осы Ереженің 5-тармағына сәйкес шетелде білім алуға жіберіледі.
5. Шетелде оқу:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының;
2) Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеттерінің білім беру ұйымдары арасындағы шарттардың негізінде іске асырылады.
2. Шетелге оқуға жіберу тәртібі:
6. Шетелге оқуға жіберу үшін іріктеу:
1) осы Ереженің 5-тармағының 1-тармақшасына сәйкес оқуға баратындар үшін уәкілетті орган;
2) осы Ереженің 5-тармағының 2-тармақшасына сәйкес оқуға баратындар үшін жіберуші тарап (Қазақстан Республикасының білім беру ұйымы) ұсынатын талаптардың негізінде жүзеге асырылады.
7. Шетелге оқуға кетерден екі ай бұрын Қазақстан Республикасының азаматтары, білім беру ұйымдарында білім алушылар немесе жұмыс істейтіндер төменде көрсетілген құжаттарды қамтитын жеке ісін ресімдейді:
1) шетелге оқу үшін жолдамаға негіздеме-өтініш;
2) шетелге оқуға баратын Қазақстан Республикасы азаматының осы Ереженің қосымшасына сәйкес белгіленген үлгідегі сауалнама.
Сауалнамада көрсетілген ақпарат толық және анық болуы тиіс;
3) денсаулығының жағдайы туралы анықтама;
4) нотариальды куәландырылған және мемлекеттік немесе ресми тілге аударылған қабылдаушы тарап шақыруының көшірмесі;
5) шетелге оқуға жіберу туралы білім беру ұйымы бұйрығының көшірмесі;
8. Шетелге оқуға кеткендердің жеке істері:
1) осы Ереженің 5-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес оқуға баратындар үшін уәкілетті органда;
2) осы Ереженің 5-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес оқуға баратындар үшін білім беру ұйымында сақталады.
9. Оқу бағдарламасын белгілі себептермен орындау мүмкін болмаған жағдайда (медициналық қорытындымен расталған білім алушының кенеттен ауырып қалуы, форс-мажорлық жағдай) оқуға жіберілуші жіберуші тарапқа ол туралы хабарлауы тиіс.
10. Қайтып келгеннен кейін Қазақстан Республикасының азаматы 10 күн ішінде өзін оқуға жіберген білім беру ұйымына оқытудың зерделенген бағдарламасы бойынша есеп береді.
|