АСА ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР, СТУДЕНТТЕР!
Мамырдың жаймашуақ күндері еліміз Ұлы Жеңістің мерейтойын тойлауда. Бұл мейрам – біздің көп ұлтты мемлекет тарихының ажырамас бір бөлігі, онсыз елімізідің басқа да атаулы күндеріне қол жеткізе алмас едік.
Бүгін біз майданда және тылда қаза тапқан жауынгерлерімізді ерекше ықыласпен еске алып, олардың мәңгі өшпес ерлігі алдында бас иеміз, сондай-ақ, сұрапыл соғысты бастан өткеріп, елдің қалпына келуіне, бейбіт өмірге оралуына үлесін қосқан адамдардың барлығына зор құрметімізді білдіреміз.
Жеңіске жету жолы қиын және ауыр болды. Және жыл өткен сайын оның тірі куәгерлері азайып барады. Алайда ешқайсымыздың сол сұрапыл соғыс майданында әкелеріміз мен аталарымыздың өмір сүру, жасампаз тірлік құру мүмкіндігі үшін аянбай айқасқан асқақ ерлігін, дархан даламыздың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен қасиетті күресін естен шығаруға құқымыз жоқ.
Бүгінгі күнгі әр түрлі халықтардың ортақ Отанына айналған Қазақстан жерінде ұлтаралық келісімнің, достық пен татулықтың тұрақты түрде сақталуы үлкен жетістік болып табылады. Сондықтан, осы жетістігімізді сақтау және еселей түсіру - барлығымыз үшін ортақ парыз.
Қадірлі достар, Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Жер бетінде бейбітшілікті сақтау нышанында шаңырақтарыңыздан ынтымақ пен бірлік, татту-тәтті тірлік, құт-береке мен ырыс кетпесін!
Бейбіт Мамраев,
ректор, профессор |