Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Жазушы Ә. Қаңтарбаевтың «Тұлға» кітабының тұсаукесері - 12 ақпан

12 ақпан күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада шырайлы Шығыстың қаламы қарымды, ойы орамды қаламгері Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаевтың «Тұлға» кітабының тұсаукесері өтеді.

Ә.Қ. Қаңтарбаев – Қазақстан Республикасының Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы сыйлығының лауреаты. 2009 жылы мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Тіл жанашыры - 2009» төс белгісімен марапатталған. Бүгінгі күні Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалына жетекшілік етуде.

Әлібек Қаңтарбаев «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Қыран ғұмыр» атты поэтикалық, «Сол бір кез есімде», «Армандастар» атты прозалық, «Алаш азаматы» атты проза-поэтикалық еңбектердің авторы. Жаңадан жарық көрген «Тұлға» кітабының ғұмырбаяндық, отбасылық кітаптардан басты айырмашылығы – интеллектуалдық сұхбат формасында жазылуында.

«Тұлғаның» кейіпкері – Төлеген Бәкейұлы Жирентаев,  Семей өңірінің тумасы,  ел ағасы, ғұмырында аттан түспеген, өңір басқарған, тұтастай екі қоғамдық формацияны басынан өткерген ер тұлғалы азамат. Ұлы Абай өзінің артына халқын ерте алатын адамды тұлға деп білген екен. 

Сексеннің сеңгіріне шыққан аузы дуалы, көнекөз қария елдің кешегісі мен бүгіні, ертеңі жайлы сыр толғайды. Өткен ғасырдың ортасынан бастап бүгінгі күнге дейін ауылдастарымен бірге басынан өткізген қиыны мен қызығы мол өмір жолынан сыр шертеді. Кеңес дәуірі кезіндегі ел басқарған азаматтың өсу, өркендеу жолы автор мен кейіпкердің интеллектуалдық сұхбаты арқылы баяндалады. Кітап бетін парақтай отырып, Жирентаевтар әулетінің басынан өткен тіршілік соқпақтары арқылы бүкіл бір өңірдің – Мақаншы ауданының тарихымен, тыныс-тіршілігімен танысасыз.

Қарғалының қасиетті топырағына шыққан бас кейіпкер Төлеген Жирентаевтың өмірі отансүйгіштіктің, туған өлкеге деген  шынайы қамқорлықтың нақты көрінісі.

 Сұхбат барысында заман ағымы,  ел мен жер, тіл мен діл, ұрпақ тәрбиесі, бизнес пен кәсіпкерлік туралы да сөз қозғалады.  Кітап атына сай тамаша безендіріліп, фотосуреттермен толықтырылған.

Қаламгер ағамыз Әлібек Қалиұлы кітаптың жазылуы жайындағы естеліктерімен бөліссе, «Тас түлек» жастар шығармашылық клубының мүшелері ақын шығармашылығынан мәнерлеп өлеңдер оқып,  әншілер кешті тамаша әнмен әрлейді. 

 Кездесуге ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, «Шабыт» жас ақындар клубының мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысады. Осындай танымал азаматтармен кездесу, жаңа кітаптар таныстырылымы – жастарға рухани жағынан серпін, болашақтарына бағыт-бағдар береді деген ойдамыз.

Баршаңызды «Тұлға» кітабының тұсаукесерінде  күтеміз!

А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы 

Қазақ
× You found a Typo