Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Абай елінде өткен ХVІІI «Абай оқулары»

11-13 қыркүйек аралығында Абай ауданы Жидебайда республикалық ХVІІI «Абай оқулары» өтті. Абай оқуларына Қазақстанның түкпір түкпірінен 5-11 сыныптар арасында 98 оқушы келіп қатысты. 

Абай, Шәкәрім шығармаларын насихаттау, шығармашылық қабілеттерін дамыту және қолдау мақсатын көздеген сайыс 4 номинация бойынша: Абай, Шәкәрім шығармаларын жатқа оқудан, Абай, Шәкәрім әндері мен күйлерін орындаудан, сондай-ақ өз шығармашылықтары - ақындық өнерін көрсету мен эссе жазудан тұрды.

Абай еліне саяхатты Алаштың астанасы Семей қаласынан бастағын оқушылардың алғашқы сапары әлемнің Әуезові атанған Мұхтардың туған жері Бөріліден басталды. Адамзат әлемінің өркениетке, мәдениетке, асыл сөз өнеріне баға жетпес үлес қосқан иісі қазақтың асыл перзенттері данышпан Абай мен ұлы Шәкәрім, кемеңгер Мұхтарды дүниеге әкелген тарихи-шежірелі құтты мекенді көру – оқушылар мен қонақтар үшін қымбат қазына болды. Олар М.Әуезов мұражайын көріп, Абай ауданының мектептері тіккен киіз үйге кіріп, мектеп оқушыларының дайындаған көрінісін тамашалады. Қазақтың киіз үйі, жайылған қазақы дастарханы, қарсы алып тұрған ауылдың кимешек таққан әжелері - келген қонақтарға ерекше  әсер етіп, балаларға тәрбиелік мәні зор болды.

Бұдан кейін оқушылар мен қонақтар Еңлік-Кебек жатқан жерге бастарын тіреп, Абай ауданының мектеп оқушыларының театрландырылған көрінісін тамашалады. Қонақтар  тау жаққа қарай бет алып, қос ғашықтың тығылған Қара үңгірі орналасқан жерді барып көрді. Бұл жерде Абай ауданының мектеп оқушылары атқа мініп, қолдарына найза алып, Еңлік-Кебек пьесасындағы билер дауынан үзінді қойды.

Архат жазығына қарай бет алған қонақтар Абай мен Әйгерім танысатын жерге барды. Бұл жерде де аппақ киіз үй тігіліп, қазақы дастархан жайылып, қазақтың ұлттық киімін киген қыз-жігіттер мен ата-әжелер қарсы алды. Архат ауылының мектеп мұғалімдері мен оқушылары «Абай жолы» эпопеясындағы Абай мен Әйгерімнің кездескен жерінен үзінді қойып, «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Келген қонақтарға эпопеядағы кейіпкерлер тіріліп келгендей әсер етіп, Абай әнімен табиғаттың аясында қалықтады. Қонақтар «Әйгерім бұлағынан» су ішіп, Абайдың туған жері Қасқабұлаққа қарай сапар тартты.

Абай оқуларына қатысушылар 12 қыркүйек күні Абай, Шәкәрім жатқан жерде орналасқан Жидебайдағы Абайдың мұражайын аралап, Еуразия кіндігін көздерімен көріп, даналар мекеніне бас иді.   Сөйтіп Абай-Шәкәрім кесенесіндегі амфитеатрда Абай оқулары да басталып кетті. 1-ші сайыс бойынша оқушылар Абай, Шәкәрім шығармаларын жатқа айтып, ақындардың өлеңдері Жидебайдың көк аспанында шалықтап, кең атырапқа тарады.  Абай, Шәкәрімнің 341-ден артық өлеңдерін жатқа айтудан көзге түскен бас жүлдені Жамбыл облысынан келген 11 сынып оқушысы Есмағамбетова Айдана, 1 орынды Семей қаласының 10 сынып оқушысы Ирасылова Биғайша алды. Бас жүлде алған А.Есмағамбетова ақын өлеңдерін жатқа еш кідіріссіз айтумен бірге, мәнеріне келтіріп оқып, әрбір өлең мен поэма, қарасөзді түсініп, тереңіне бойлап айтуымен ерекше көзге түсті.

Республикалық Абай оқуларының қазылар алқасында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры ф.ғ.д. Картаева Айжан Маратбекқызы мен ф.ғ.к., доцент Келгембаева Бақытжан Бекенқызы дарынды балалардың білімдері мен өнерлерін бағалап, олардың ары қарай сөз өнеріне деген құлшыныстарының артуына, болашақта мамандық таңдауларына жол сілтеді.  

Абай оқуларына қатысушы үміткерлердің саны жылдан жылға артып келеді.

 

Картаева А.М.

Қазақ, орыс филологиясы және

журналистикасы кафедрасының меңгерушісі

 

 

Қазақ
× You found a Typo