Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Алаш ордашылар көтерген тіл мәселелері

1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ сиезінде «Алаш» атты партия құрылып, 14 мәселе қаралды.

Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз: мемлекетті билеу түрі; қазақ облыстарында автономия; жер мәселесі; оқу мәселесі және т.б.

1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және сиез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зиялылары ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару жұмысымен де, көркем шығармашылықпен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы программасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде:

- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;

- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;

-қазақөзтілінде орта мектеп, университет ашуға;

-оқужолыөзалдына автономия түріндеболуы;

-үкіметоқуісінекіріспеуі;

-мұғалімдер-профессорларөзарасайлауменқойылуы;

- ел ішінде кітапханалар ашылу;

- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген.

Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді.

Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді», - десе, батыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деген.

Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан.

А.Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына төңкерістен бұрын да көп күш жұмсаған адам. Осы талапты жүзеге асыру үшін, А.Байтұрсынұлы қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынборда шығарылса, 1925 жылы Орынборда 7 рет қайта басылады. Ал 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады, бұл суреттермен берілген оқулық. 1926 жылы Қызылорда Ташкент баспалары бірігіп шығарған.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.

«Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Онда қазақтың төл дыбыстарын анықтап, санын бекітті: 24 дыбыс бар деді; дыбыстарды жіктеп, топтастырды; қазақша терминдерін жасады. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл – құралдарының» орны айрықша. А.Байтұрсынұлы «Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады.

Алайда алашордашылардың қазақты өз алдына жеке мемлекет етеміз деген игі ойларын сол кездегі тарихи жағдай іске асыруға жол бермеді. Большевиктер басқарған пролетариат диктатурасы орнады. Жаңадан құрылған Кеңес үкіметі Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жариялады. Бұрынғы Алаш қайраткерлерін кеңестік жұмыстарға тарту мақсаты қойылды.

Алаш ардақтылары Қазақ АССР-ның Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті. Білім Комиссиясы жұмысына Мағжан Жұмабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Санжар Асфендиярұлы, Халел Досмұхамедұлы т.б. қатысты. Ел үшін еңіреп туған алаш арыстары өз ұлтын көтеру үшін, жаңа талапқа да көніп, білек сыбана іске кірісті.

Оның бір айғағы Қазақ АССР-і орнағаннан соң, 1924 жылы Орынборда маусымның 12-18 аралығында өткен Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі болды. Осы сиезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды.

Сиезге Ақмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Елдес Омарұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Телжан Шонанұлы сынды кеңестік құрылымның әр саласында қызмет істеп жүрген бұрынғы алаш қайраткерлері қатысты. «Сиезде жазу ережелері, әліпби мен қазақша пән сөздер мәселесі, ауыз әдебиетін жию шаралары, бастауыш мектептің бағдарламаларын дайындау мәселелері қаралды». Жеті күнге созылған сиездің бес күні таза тіл мәселесіне арналды.

Жазу ережелері тақырыбындағы басты баяндаманы Елдес Омаров жасады. Баяндамашы алдымен қазақ жазуы дыбыс жүйесі бойынша жазылуы қажет екенін атап өтеді. «Жазу дыбыс жүйесінше болса, - әр сөз өзінің естілуінше жазылады. Біздің жазуымыз дыбыс жүйесінше. Бірақ қазақша жазу олай дыбыс жүйесінше болғаннан қиындамайды, қайта оңайланады», -  деді. Қазіргі көзқарас бойынша Елдес Омарұлы емленің фонетикалық ұстанымын ұсынған болып шығады. Алайда кейінгі қазақ орфографиясы орыс тіліне тән сөз жүйесі бойынша жазуды, яғни морфологиялық ұстаным бойынша, жазуды таңдап алғаны белгілі. Соның салдарынан біз қазір «үкі» деп жазамыз да, «үкү» деп оқимыз.

Лесикамыздағы сөздердің 80 пайыздай сөзі осы морфологиялық принцип бойынша жазылып жүр де, 10 пайыздайы ғана фонетикалық принципте жазылады: жаздыгүні, қолғап, Ботагөз т.б. Бүгінгі күнгі латын жазуына көшу мәселесі көтеріліп жатқан кезде, өте ыңғайлы әліпбиді жасап алғаннан кейін шешетін екінші маңызды іс осы ұстанымдардың қайсысын таңдап алу керек екендігі болмақ. Тіл маманы ретінде айтарымыз, әрине бұдан бір ғасырдай бұрын Елдес айтып кеткен осы фонетикалық ұстанымды таңдап алу керек дер едім.

Елдес Омарұлы екінші ұсынылған «х», «ш», «ф», «һ» әріптерін қазақ әліпбиінен шығару жобасы туралы да өз ойын білдіре кетеді. «Бұл жобаны ұсынушылардың айтатұны: «әріп» азайса, жазу жеңілденеді, - жана бұл төрт дыбыстың төртеуі де қазақ тілінде жоқ...Білім кеңесі бұл төрт әріпті қазақша әліпбиге кіргізгенде, «Һә», «харф», «шарт» сықылды жат сөздер үшін кіргізген. Білім кеңесінің онысы қата», - дейді. Осындай бірен-саран кірме сөздерде ғана кездесетін дыбыстардың бәріне әріп керек десек, әріптің саны 24 емес 240 болып кетуі мүмкі екенін ескертеді. Сол кезде көрегендікпен айтылған ескерту екенінде сөз жоқ. Қазіргі әліпбиімізде 240 болмаса да, басы артық 14 әріп бар. Олар: в, е (йе), и, у (дауысты), ф, х, ц, ч, щ, ь, ь (твердый), э, ю, я. Білімпаздар сиезі 1925 жылы әліпбиден алып тастаған әріптер кейінгі ауысқан әліпбилерге қайтадан еніп кеткенін көреміз. Ендігі латын жазуына көшу кезінде бұл кірме 14 әріпке орын берілмеуі керек-ақ деп ұсыныс айтамыз. Оның себебін Елдес баяндамашы 1925 жылы айтып кеткен, біз қайталап жатпаймыз.

Қазақ тілінің өз төл дыбысы «ш»-ны жобаны ұсынушылар да, Елдес те әліпбиден алып тастауға шешім шығарады, алайда кейінгі талқылауларда Нәзір Төреқұлұлы «ш»-ның орнына «ч» әрпін алып тастау туралы дұрыс пікір айтып, сиез Нәзірдің ұсынысын бекітеді. Қаулыда «х», «ч», «ф», «һ» әріптері алынсын деп жазылады.

Сиезге ұсынылған тағы бір жоба орыс тіліндегі дауысты «у» мен «и»-лерді жазуға енгізу туралы болған. Мәселен, «сұу» түбірін «су» деп, «тій» түбір сөзін «ти» деп жазайық дейді. Елдес Омарұлы бұған да қарсы шығады. Бұл мәселе үлкен дауға ұласып, арнайы комиссия сайланып, дауысқа салынады. Нәтижесінде Ә.Бөкейханұлы, Е.Омарұлы, Қ.Досмағамбетұлы, М.Дулатұлы, Н.Шағиұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Тұрғанбайұлы, Е.Алдоңғарұлы, М.Наурызбайұлы, М.Жолдыбайұлы, Р.Ақбайұлы – барлығы 11 адам қазақ тілінде дауысты «у» мен дауысты «и» жоқ деп дауыс береді. Ал Р.Сүгірұлы, И.Арабайұлы, М.Мырзаұлы, Н.Төреқұлұлы, Н.Зәлиұлы, Н.Ералыұлы - алтауы қазақ тілінде дауысты «у» мен «и» бар деп дауыс береді. Көпшілік дауыспен дауысты «у» мен «и» қазақ тілінде жоқ деушілер жеңеді. Әрине, жоқ. Олар үнді дыбыстар болған соң, дауысты деп ұққан және орыс тілінің ықпалы болғаны анық. Алайда осы дауысты «у» мен «и» әлі әліпбиімізде бар, қолданып жүрміз. Бізде екі «у» екі «и» бар. Мектептен бастап, «у» дыбысы дауыстыдан кейін келсе, дауыссыз (м.: тау), дауыссыздан кейін келсе, дауысты (м.: су) деп теріс оқытып келеміз. Біреуі қысқа «й», екіншісі ұзын «и» деп оқытамыз. Профессор С.Мырзабеков дауысты «и» мен «у» дыбыс емес, кірме әріптер деп табады. Оны әліпбиімізге алып келген «кеңестік академиктер» болатын.

Арада қаншама жылдар өткен соң, латын жазуына көшерде, осы кірме әріптерден құтылып алуымыз керек, өйткені, Елдесше айтсақ, «тілдің заңына сай келмейтін ережелер көбейген соң, жазу қиындай бермек». 

Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде Ақмет Байтұрсынұлы әліпби тақырыбында баяндама жасайды. Сол кезде ұсыныла бастаған латын әліпбиіне көшуге қарсы шығады және қолданыстағы араб жазуы негізді әліпбиді жетілдіру жолдарын атап көрсетеді. «Менің ойымша жақсы әліббидің қасиеттері мынадай болуға тиіс, - дейді ол:

1) Жақсы әлібби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жері бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең кійім сияқты артық әріптері көп әлібби де қолайсыз. Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар кійім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады.

2) Жақсы әлібби жазуға жеңіл болуға тиіс. Әліббидің әріп сүгіреттері қыйын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады.

3) Әліббидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс, әрпі тізгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әлібби баспа сөзді арзандатады.

4) Жақсы әлібби үйретуге де қолайлы болуы тиіс. Әрпі сара жазуға оңай, баспасымен сүгіреті жақын әлібби үйретуге жеңіл болады».

Міне осындай қайраткерлер аман тұрып, ал басқарғанда, Қазақстан қайда кетер еді, кім білсін?! Алайда Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл зобалаңнан аман қалған саусақпен санарлық зиялы қазақ, өмірлерінің соңына дейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиеті назарынан тыс қалмады. Ал атылғандардың үрім-бұтақтары да соңғыларының кебін киді

Көріп отырғанымыздай, XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. Біз алаш азаматтары көтерген тіл мәселелерінің бүгінге дейін шешілмегендерін ғана атап өттік. Оны біржолта шешіп, әліпбиді, жазуды, солар арқылы оқулықтарды реттеп алудың сәті алдымыздан тағы шықты. Енді қапы қалмауымыз керек. Енді бұрынғыдай қателессек, онда бізге кешірім жоқ, ағайын!

Б.Н.Бияров,

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Қазақ
× You found a Typo