- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
Тарбағатай ауданындағы «Елеке сазы» қорғанын қазу кезінде сақ билеушілерінің жәдігерлері табылды.
Ай бойы археолог Зейнолла Самашевтың тобы Тарбағатай тауларын зерттеп, 200 қорғанды анықтады. «Елеке-2» қорғанынан 3 мыңнан астам алтын бұйымдар шықты. Олар біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырларға тиесілі. Арасында еш қорымда жоқ бірегей заттар да бар. Мәселен, қоңырау-сырғалар, төрт жапсырмасы бар пластиналар, асыл тасты әйел алқасы.
–Бағалы заттардың көптігіне орай бұл қорғанда ері мен әйелі жерленуі мүмкін, олар не патшалар, не билеуші топ өкілдері болуы ықтимал, – дейді археолог.
Бұйымдардың жасалу технологиясы таң қалдырарлық. Өйткені, микродәнекерлеу тәсілі қолданылған.
–Бұл – тарихымызға жаңа көзқарас. Сол кезде дамыған технология болғанын, металлургия саласы өркендеп тұрғанын көреміз. Ата-бабаларымызда индустриалды мәдениет болған. Жаңалық көшпенділердің бүкіл бет-бейнесін өзгертіп отыр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
«Шығыс Қазақстанның көне қазыналары» жобасы бойынша археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр.
Баспасөз қызметі