Шығыс Қазақстан облысының білім беру басқармасы мен Жемқорлықпен күрес Агенттігі департаменті жетекшілері бірлесіп, пресс-конференция барысында Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қалай өтетінін айтып берді.
- Соңғы бес күннің қорытындысы бойынша түлектердің 44 пайызы ҰБТ тапсырып үлгерді. Шығыс Қазақстанның 10 ауданында тестілеу толығымен аяқталды, - деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.
- 126 түлек әртүрлі себеп бойынша қатыспады. Соңғы 5 күнде ҰБТ тәртібін бұзған 47 мектеп бітіруші аудиториядан шығарылды, - деді Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.
Тестілеу барысында жемқорлықпен күрес қызметі бақылаушы ретінде қатысты. ҚР БҒМ-нің бұйрығына сәкес, сынақтың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс топтары құрылды.
- Біз, түлектерді тек өз білімдеріне ғана сенуге шақырамыз. Тиым салынған заттарды қолданғандар міндетті түрде анықталады және сынақ нәтижесі жойылады, - деді ҚР ШҚО бойынша Жемқорлықпен күрес Агенттігі Департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Жігер Байдилдин.
Баспасөз қызметі