С.Аманжолов атындағы ШҚУ Ғылыми кітапханасы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шыққан кітаптардың гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша екінші блогын ұсынады.
Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы 100 жетекші оқулық аудармасы студенттерге лингвистика мәселелері жөнінде жүйелі білім алуға, бұқаралық ақпарат құралдарындағы талқылауға қатысуға және оқытушылар мен студенттерге маңызды лингвистикалық зерттеулерден хабардар болуға көмектеседі. Ежелгі дүниеден тартып, уақыт ағысына ілесе отырып, бүгінгі күнді көктей өтіп, алыс болашаққа шолу жасайтын тілдердің жалпы даму тарихы баяндалады.
Тілдер қалай қалыптасып, қалай жойылады, олардың тағдыры неліктен әрқилы деген мәселе түптеп келгенде тілдерді қолданатын халықтың тіршілігімен тікелей байланысты. Былайша айтқанда, тіл мен тарих – бір-бірімен сабақтаса байланысқан егіз құбылыс. Демек, тарихи оқиғалар да халықтың сөйлеу тіліне байланысты өрбиді. Бұл еңбектерде тілдің тарихтағы рөлін көрсету үшін әлемдегі тілдерге қатысты үлкен мәселелермен қатар, көпшілікке көп белгілі емес, қалтарыста қалып келген тақырыптар да қамтылған.
Мұнда тіл және тілді пайдалануға қатысты көкейкесті мәселелерге де жауап табылады. Басылымдағы жаттығулар студенттердің материалдарды қаншалықты игергенін тексеруге мүмкіндік береді. Кітап тілші ғалымдарға, ағылшын тілін үйренушілерге, филология факультетінің студенттері мен оқытушыларына және тіл біліміне қызығатын жалпы көпшілікке арналған.
Оқырман қытай, грек, араб, латын, ағылшын, испан, португал, мысыр, герман және славян тілдері тәрізді кең тараған ірі тілдермен қатар, африка тайпалары мен австралиялық бушмендер сөйлейтін хойсан және банту тобындағы ұсақ тілдердің пайда болу тарихы мен сыр-сипатына да қанық болады.
Бұл еңбек ЖОО-лардың тарих, лингвистика және шет тілдері факультеттері студенттеріне оқулық ретінде арнайы жазылған.
А. Ноғайбаева,
Ғылыми кітапхана