Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 162 мыңнан астам бала бар. Сондықтан да бүгінгі таңда инклюзивті ортадағы балалармен жұмыс істеудің жаңа балама әдістерін іздеу мәселесі өте өзекті. С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Психология және түзету педагогикасы» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы және «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының мамандары педагогика және психология бойынша ғылыми зерттеулер, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар, сондай-ақ инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істейтін мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу ұйымдарының басшылары, тәрбиешілері, дефектологтары мен психологтары үшін арнайы практикумдар, семинарлар, біліктілікті арттыру курстарын тұрақты негізде өткізеді.
- Педагогикалық кадрларды даярлау және оқытумен айналысатын 70 жылдық тарихы бар университет инклюзивті білім беру моделі ісінде тыс қала алмайды. Егер арнайы білім беруді қажет ететін балалар түрлі түзету орталықтарында дамып, жаңаны үйреніп жатса бұл – үлкен жетістік, - деді Университеттің Стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп жасына дейінгі балалармен түзету-дамыту жұмыстарында балама әдістерді қолдану» тақырыбындағы шеберлік-сағаттары «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығына жасалған экскурсиямен басталды. Қонақтар алты аудиторияға бөлініп, онда практик-педагогтар семинар қатысушыларына ғана емес «Дефектология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Педагогика және психология», «Психология», «Клиникалық психология» білім беру бағдарламаларының студенттерімен де тәжірибелерімен бөлісті.