Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Халқының  бүгіні мен ертеңгі болашағын  алыстан болжап қана қоймай, сындарлы ой салар үлкен мәселелерді алдыға қойып, оны бірлесе шешуді басты мақсат еткені белгілі.

Елбасының биылғы жылғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы тұңғыш рет жазбаша түрде жарияланып, онда басымдылыққа баса назар аударылды. Ол басымдылық-экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Басымдылықтың нақты істелер, істеліп жатқан маңызды істерге арналуының өзі-басымдылықтың өміршеңдігін көрсетсе керек.

Сәл кейін шегініп, өткен жылдарға көз салсақ, Елбасы қаңтар айындағы (2014) Халыққа Жолдауында Қазақстанның  болашағы әлеуметтік, экономикалық жағынан зор екенін айта келіп, ел әл-ауқатының күннен-күнге өсе түскенін тілге тиек етіп, болашақтың еншісінде «Мәңгілік ел» болып қалу керектігін саралады.

Шынында да, біздің мемлекет «Мәңгілік ел» болуға лайықты ел. Себебі, қазақ деген ұлы халықтың Көшбасшысы - Елбасы барда біздердің қазірдің өзінде мәңгілік елге айналғанымызға дау жоқ.

«Мәңгілік елдің» мәңгілік сара жолы тек ізгі саясаттан ғана тұрса керек. Содан болар, мемлекетіміздің алдыға қойған сындарлы саясатының бірі - қылмыстылықтың  алдын-алу, ескерту,  онымен  үнемі күрес жүргізу болып табылады. Жалпы қылмыстылықты ғасыр індеті ретінде қарасақ, оның болашақты тұмшаландырып, көмескі тарттыратын, келешекті «аяқтан шалатын» қоғамға қауіпті әрекет екенін айтпай түсінуге болады. Сондықтан, одан арылудың жолын іздеу - бүгінгі күннің еншісінде десек, қателеспеген болар едік.  Қателеспейміз де, олай деуге басты себеп, мемлекетіміздің ұстанған кез келген саясатының өзі - Қазақстан Республикасының Конституциясымен қабылданып, қалыптасқан ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығы іспеттес.

Сөздің басын қылмыстылықтан бастауымыз тегін емес, болашақ тізгінін ұстайтын «Мәңгілік елдің» ұрпақтарының білімді де  білікті, ұтқыр да ұшқыр, ақылды да алғыр, саналы да салихалы болуы - өмір талабы десек, артық айтқандық емес. Ойы мен санасы тұнық құқықтық біліммен «қаруланған» бүгінгі ұрпақтың ертеңгі болашағы да жарқын белестерге толы болатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда, Елбасының «...жастар - біздің болашағымыздың тірегі..» деген қанатты сөзін еске сала кетсек, арық болмаған болар еді.

Егеменді елімізде ауыз толтырып айтарлықтай маңызды экономикалық, саяси өзгерістердің болуы - мемлекетіміздің құқықтық жүйесін айналып өтіп, өзгеріссіз қалдырмасы белгілі. Босағасы берік егеменді елдің экономикасы мен саяси жүйесі құқықтың қатынасынсыз өмір сүруі мүмкін емес.

Кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесі қоғам дамуының заңдылықтарын, тарихи, ұлттық, мәдени ерекшеліктерін көрсеткендіктен, әрбір мемлекеттің басқа мемлекеттің құқықтық жүйелерімен ұқсастықтары және өзіндік ерекшеліктері де бар жеке құқықтық жүйесі болатыны бесенеден белгілі.

Құқықтық жүйе-белгілі бір елдегі, қоғамдық қатынастарды реттейтін бір-бірімен тығыз байланысқан құқықтық құрылымдардың және сол елдің құқығының дамуының деңгейін сипаттайтын элементтердің жиынтығы.

Құқықтық жүйе:

- позитивті құқық, яғни заңдарда немесе басқа да нормативтік актілерде бекітілген мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті нормалар жүйесі;

- құқықтық идеология - қоғамдағы құқықтық көзқарастар, идеялар, түсініктер жиынтығы;

-құқықтық сана - жеке адамдардың және әлеуметтік бірлестіктердің мемлекетте әрекет ететін және қоғам қалайтын құқыққа  қатынасы;

- сот тәжірибесі

сияқты элементтерден құрылады.

Қазақстан Республикасының ұлттық құқықтық жүйесі Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-ші және 4-ші баптарының негізінде құрылады. Бұл баптар  заң шығарудың, құқықтық тәжірибенің және үстемдік ететін құқықтық сананың демократиялық, гуманистік сипаты яғни Қазақстан Республикасы Конституциясының ұлттық құқықтық жүйесі құрылымының ерекшеліктерін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі қоғамдық қатынастарды реттейтін жалпыға бірдей мінез-құлық ережелерінің жиынтығы ретінде түсінуге негізделеді.

Адамның табиғи құқығы мен бостандығын мойындау Конституция деңгейінде бекіту және ерекше мән беру - Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің тағы бір ерекшелігі болып табылады.

Егемендік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы әртүрлі факторларды ескере отырып, өзінің жаңа ұлттық құқықтық жүйесін құрды.

Біздің көзқарасымызша, Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығы ретінде ұлттық құндылықтардың толассыз жүзеге асуын қамтамасыз еткенін айтуға болады.

Ұлттық құндылықты саралаған ұлттық құқықтық жүйені жүзеге асырудың тұғырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрғаны әлемдік қауымдастыққа белгілі екендігі ешкімге жасырын емес. Олай деуге басты себеп, Қазақстан Республикасы  Конституциясының  40-бабында:

«1. Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

2. Республиканың Президенті - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.

3. Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» - деп  көрсетілген.

Конституцияның 40-бабының 2-тармағында «Республиканың Президенті - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі» екендігі көрсетілгенін айтып кеттік. Шынында да, Елбасы Халықтың жағдайын жақсарту жолында көптеген келелі істердің атқарылуына ұйтқы болумен қатар істелер істердің де тізгінін ұстап, мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының атқарылар істен тысқары қалмауын жіті қадағалауы көңілге қуаныш ұялатады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында (17.01.2014) «...ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар...» екеніне баса назар аударып, Қазақстан мемлекетінің болашағын жастармен байланыстыра отырып, жастардың білімділігі мен біліктілігін арттыру үшін «...жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын...» дегені баршаға аян.

 Елбасы Н.Ә Назарбаевтың қараша айындағы (2014) «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауы қаңтар айындағы Жолдаудың жалғасы іспеттес алдыға қойған мақсат пен міндеттерді айқындай түскендей болды.

Олай деуге себеп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті-Елбасының «...Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл - апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл - біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі - басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын» деген қанатты сөздері жастар бойында серпіліс пен болашаққа сенімділікті арттыра түсті десек, артық айтқандық болмас.

Болашағы алдыға батыл қадам басқан  осындай мемлекеттің қамқорлығы аясында мақсат пен міндет ретінде тек білім алу мен алған білімді жетілдіру, жетілдіре отырып, жаңашылдыққа жаны құмарлана алға ұмтылу, шет тілін меңгеру арқылы тереңнен  ойлап, өз ойын еркін жеткізу, өзгені тыңдай отырып, мағыналы ой айтатын жастардың көбейгені де бүгінгі күні жасырын емес.

Қазақстан мемлекеті ертеңгі ел тізгінін ұстар жеткіншектер болашағының жарқын, жүрер жолдарының даңғыл болуы үшін түрлі деңгейдегі бағдарламаларды қабылдап қана қоймай, оны жүзеге асыру жолында көп еңбектеніп, жүзеге асырып жатқаны белгілі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаңтар айындағы (2014) Қазақстан халқына Жолдауында «...Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?

 Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды...» деген болатын.

 Елбасының салихалы да мәнді, мағыналы сөзіне жүгінсек, ұлттық білім берудің түп төркінін қазіргі жеткіншектердің тек білімі ғана емес, жалпы келер болашағы қамтиды. Олай деуге себеп, тағы да Елбасының « ... мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс...» деген сөзі.

Бұл сөздер де Республикасының Конституциясында негізі қаланған игі істерді дамыта отырып, ұлттық құқықтық жүйені жетілдіре отырып, болашаққа мол мүмкіндіктер туғызып, жол ашу болса керек.

Шынында да, бүгіні жарқын баланың ертең де жарқын болатыны белгілі. Сондықтан, жасөспірімдердің өз айтайын деген ойын қай тілде болса да еркін жеткізе алуы - білімділікті қажет етсе керек. Білімділік - ізденіс пен қажыр-қайраттылықты талап етері сөзсіз. Бүгінгі күн талабына сай мемлекеттің белді азаматы болу-жеке ой-пікірі қалыптасқан, өз ойын еркін  жеткізе алатын, бәсекелеске қабілетті, өз елінің патриоты деп ойлаймыз.

Қоғам мен  үздіксіз дамып жатқан қоғамда болып жатқан өзгерістерді айтпағанның өзінде, сол қоғам өмірінде болып жатқан тыныс-тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе  - кәмелетке жасы толмағандар мәселесі екені белгілі.  Жас балалар құқық бұзушылығы немесе   кәмелетке жасы толмағандар қылмыстық құқық бұзушылығы жайлы ордалы ойлар бола қалса, үн қосуға асығып, олар жеңістің тұғырына шықса, қуанып, жеңіліске ұшыраса, мұңаятын халықпыз ғой. Сондықтан, сөз  болашақ көшбасшысы болатын балалар жайлы болғандықтан, болашақ тағдырын өзімен байланыстырған  кез келген адам қарап қалмауға тырысары анық.

Өзімізге белгілі, Қазақстан мемлекеті болашақты тек жастармен тікелей байланыстырып, жастардың білімдар, зерек, зерделі болуы үшін олардың талаптанып,  көп ізденуіне мүмкіндіктер беріп, үнемі даңғыл жол ашуда. Жастарды қолдау саясаты үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, оның нәтижесі де аз емес. Дегенмен де, әлі де болса көп ізденістер мен болашақ істелер істердің ауқымы зор екеніне күмән жоқ.

Жалпы кәмелетке жасы толмағандардың болашақта қоғамның белді азаматы болуы үшін, олардың құқық табалдырығын «сүрінбей» аттауы үшін  құқықтық сананы үнемі  жетілдіріп отыруы  керек екені айтпаса да түсінікті.  Сондықтан құқықтық жүйенің түпқазығы саналатын  құқықтық сананы үнемі жетілдіріп отыру болашақты терең ойлайтын кез келген жас үшін өмір заңдылығы ретінде қалыптасу керек сияқты.

Сәл кейін шегініп, құқық теориясында қабылданған құқық санасын зерделесек,  жалпы құқық санасының ұғымы біздің әлеуметтік зерделеуіміздің мақсаттары үшін нақтылауға жеткіліксіз болып шыққанына көз жеткізер едік. Құқық сана мен құқықтық білімділіктің  жеткіліксіздігі жас жеткіншектердің өмірде ағаттық істеп сүрінуіне, өкінуіне, өмірдегі өз орнын таба алмай қиналуына алып келіп жататынын өмірлік тәжірибе дәлелдегендей. Қалай десек те, құқықтық сананың жетістігі болашақ кепілі десек,  артық айтқандық емес. Сондықтан құқық санасының толысуы үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын білуі, олардың қолданылып жүрген құқыққа қатысы, құқыққа олардың қоятын талаптарының басын біріктіретін жиынтық ұғымы шеңберінде қолданылуы үлкен орын алады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Н.Ә.Назарбаев жасөспірімдер қолымен жүзеге асатын қылмыстық құқық бұзушылықтармен күрес мәселесіне көп көңіл бөліп, оның алдын- алу жөнінде үнемі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне нұсқау беріп, оның орындалуын жіті назарда ұстайтыны белгілі. Сондай-ақ, жасөспірімдерге қатысты  қандай да бір жат әрекет орын алар болса, оның жедел шешілуін қамтамасыз етудің маңыздылығы зор екенін айтудан жалыққан емес.

Оның айқын айғағы ретінде, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде (20.11.2013) сөйлеген сөзінде: «...Істі сотта тараптардың таңдауы бойынша  қараудың баламасы аясын кеңейтіп, сотқа өтініш білдірудің кез келген формальды талабын жою маңызды. Бұл әсіресе тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты істі қарау кезінде өзекті. Заңнамада ескерілмеген тұстарды пайдаланып, қандайда бір формальды желеумен өтінішті қабылдаудан бас тартуға соттардың құқы жоқ»- деген сөзін айтуға болады.

Бұл жерде арқау болып отырған тақырыпқа жасөспірімдер мен қылмыстық құқық бұзушылықтар, құқықтық сана мен  құқықтық білімділіктің қандай қатысы бар деген ой туса, ол заңды да.

Біздің пікірімізше, жоғарыда айтып кеткендей, болашақты жас жеткіншектермен байланыстыратын  біздің мемлекет үшін жастарымыздың алдыңғы шептен көрінуі маңызды. Ол маңыздылық - олардың құқықтық жағынан жетілуі, құқықтық білімділігін арттыруы, арттыра отырып, оны өзгелерге үйретуі, өзінің құқықтық саналы азамат екенін  көрсетуі. Сонда ғана қазірдің өзінде аяғынан нық тұрған ұлттық құқықтық жүйесі қалыптасқан мемлекетіміздің тұпқазығы беки түсіп, мемлекеттік бағдармалардың саны артып, шарықтау шегінің көкжиегіне шығар  сенімімізді  нығайта түскен болар еді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында  ұлттық құқықтық жүйесінің нығая түскенін Елбасы заңгерлердің республикалық съезіне қатысушыларына жолдаған құттықтауында «...тәуелсіздік  жылдарында демократиялық мемелекеттің және нарықтық экономиканың талаптарына сай келетін ұлттық-құқықтық жүйе қалыптасты...» - деп атап өтті.

Елдің құқықтық жүйесін реформалау саланы халықаралық стандарттарға жақындатады. Еуропалық құқық пен адам құқықтары сарапшылық институтының директоры М.Бәшімовтің пікірінше, бұл бағыттағы Жоғарғы соттың бастамалары сарапшылар тарапынан қолдау тауып отыр. Әсіресе Қазақстанның 5 сатылы құқықтық жүйеден 3 деңгейлі жүйеге өтуі, Жоғарғы сот қызметкерлерінің санын арттыру секілді жұмыстар елдің құқықтық жүйесін дамыта түседі. 

Өткенге сәл шегініс жасап, Қазақстанның жүріп өткен жолына көз жүгіртсек, құқықтық саясат тұжырымдамасының Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудағы рөлі мен маңызы Кеңестік жүйе құлауының нәтижесінде Қазақстан Республикасы өз егемендігін алып, халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне айналу мақсатында бірқатар шаралар атқарыла бастағаны белгілі.

«Барлық құқықтық саланың одан әрі дамуы, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметтерін үйлестіріп отыру, сот жүйесін жетілдіру-елімізде құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдау қажеттігін алға тартты. Және де оны 2020 жылға дейін он жылға бірақ жасау керек болды. Осы стратегиялық құжатты бекіткен жерде Мемлекет басшысы бәрінен де бұрын жалпы мемлекет пен оның азаматтарының игілігін көздегені анық». 

Шынында да, қолданыстағы заңдарды жүйелеу арқылы оларды топтастыру, ескірген және қайталайтын нормалардан арылту жөніндегі жұмыстар да, сол сияқты сілтеме нормаларды неғұрлым азайтып, тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау тәжірибесін кеңейте отырып, ішкі қарама-қайшылықтарды жою да осы қажеттілікке жатады.

Бұл үдерістегі соны жаңалықтың бірі азаматтар мен бүкіл қоғамның мүддесін неғұрлым толық қамти алатын, нормативті құқықтық актілерді бағалаудың халықаралық стандартын енгізу болмақ. Сондай-ақ, жаңа тұжырымдама заң техникалары деңгейін көтеріп, құқықтық реттеу механизмін жетілдіруді де, озық ақпараттық технологиялардың құқық шығармашылығы және құқық қолданушы үдерісін енгізуді де қамтамасыз етті. Құқықтық саясатты бұлайша кешенді түрде қарастыру - еліміздің жалпы дамуы барысында, оның бүкіл нормативтік-құқықтық базасын жетілдіріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік бере отырып, нәтижелілік, шынайылылық пен есеп беріп отыру қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалық үлгісін жасауға мүмкіндік береді.Осы арада ұлттық құқықтық жүйенің іргетасы болып конституциялық құқықтың өзі алынғанын атап айтқан жөн сияқты.

Сол іргетас Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында көрсетілгендей, Қазақстан мемлекетінің «...ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары...».

Конституцияда сараланған нормалар «...адамның құқы мен бостан­ды­ғына кепілдік беріле отырып, мемлекет оған қол сұғушылыққа қарсы мемлекеттік тетіктер құр­ған, сонымен бірге, адам өзін өзі заңсыз іс-әрекеттерден заңға қар­сы келмейтін әдістермен қорғану мүмкіндігі бар жеке субъект ретінде танылған. Жеке адам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынаста адамның құқы мен бостандығын қорғау міндеті сот­тар мен құқық қорғау орган­дарына жүктелген» . 

Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасының Конституциясы өзге мемлекеттерге дамудың үлгісі боларлықтай, артықшылықтарымен ерекшеленетін Ата Заң. Ата Заңдағы артықшылық негізі қаланған нормалары мен қағидаттардың тек Халық үшін жұмыс істеп, ел экономикасын өркендетуге бағытталғандығында болса керек. Оның айқын айғағы ретінде әлем қауымдастығы алдында Қазақстан даңқын биікке шарықтатқан  ЭКСПО-ның   болашақта біздің елде өтуі, жақында ғана Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ДСҰ-ға  кіруі жөніндегі Хаттамаға қол қоюын айтуға болады. Халықаралық сауда ұйымына мүше болу көптеген мемлекеттердің дүниежүзілік қауымдастықта жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретіні белгілі. Қазақстан мемлекетін де осындай орасан зор жетістіктер күтіп тұрғанына дау жоқ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың  Ұлт Жоспары - «100 нақты қадам» (20.05. 2015) атты жоспарын алып қарасақ, 89-қадамда  «НҰРЛЫ БОЛАШАҚ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына МӘҢГІЛІК ЕЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗУ» сараланған.

Тағы да ойымызды өрбітетін болсақ,  «100 нақты қадамның» 89-қадамында көрсетілген «Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына МӘҢГІЛІК ЕЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗУ» таптырмас жаңалық деуге болады. Тек «МӘҢГІЛІК ЕЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗУ» мектептік білім беру бағдарламаларына ғана емес, жоғары оқу орнының бағдарламаларына да енгізілсе, Халықтың қолдауына ие болары сөзсіз.

Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығы ретінде мызғымас беріктігімізді, көп ұлтты мемлекет ретінде бірлігімізді, Конституцияның негізін қалаушы нормалары мен қағидаттарын берік ұстанатынымызды, конституциялық дамудың үлгісі болатын ел екенімізді паш етіп, әлем қауымдастығы алдында мәртебемізді асыра  түсуде. Осы орайда, мәртебемізді асқақтатқан Қазақстан мемлекетінің келбетін әлемге танытқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы дәрежеге жету үшін атқарған еңбегінің ұлан-ғайыр екені баршамызға белгілі екенін айта кетсек, артық болмас деген ойдамыз.

Биылғы  жылы (2017) Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген  өзгерістер мен толықтырулар тек халықтың игілігі үшін істелгенін көрсеткендей. Оған дәлел ретінде 26-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген «1. Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады. 2.     Жеке меншік құқығына қол сұғылмайды. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.» деген заң нормаларын айтсақ жеткілікті сияқты.

Біздің тұжырымдауымызша, қарастырып отырған тақырыбымыз  ауқымы жағынан кең әрі маңызды да өзекті тақырып. Тақырып бойынша тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларының жүзеге асуын немесе «Негізгі заңның жасампаз әлеуетінің жүзеге асырылуын», конституциялық ұстанымдардың жүзеге асуын талдап, жеке-жеке талдап жазуға болар еді.

Дегенмен де біз өзімізге қойған талапты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан Халқы үшін қабылдаған Жолдаулары мен нақты батыл қадамдары мен істеген істері арқылы көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығы ретінде әлдеқашан қалыптасқанын көрсетуге талаптандық.

Сөз соңында тағы да «Республиканың Президенті - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі» екенін қайталасақ, артықтық етпес. Олай деуге себеп, Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығы ретінде беки түсетініне күмән жоқ.

Р.Орсаева,   

 қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының доценті,

 заң ғ. к.

 

 

Қазақ
× You found a Typo