Талапкерлер үшін Ұлттық Бірыңғай тестілеуді қаңтар айында тапсыру мүмкіндігі туып отыр. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өткізілген ҰБТ-ға қатысу мектеп бітіруші түлектің жоғары оқу орнында тек ақылы бөлімге түсуіне құқық береді. Егер мектеп бітіруші түлек мемлекеттік білім грантын алғысы келсе, міндетті түрде маусым айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуы керек.
Осы жылдың 18-20 қаңтар аралығында 74 пунктіде бірінші «қысқы» ҰБТ өтті. Тестілеуге қатысуға 35 838 адам өтініш білдірді, оның ішінде 25 615 адам қазақ тілінде, 10 162 адам орыс тілінде, 61 адам – тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірді. Қатысушылардың санаты бойынша: 29 789 адам - 11 (12)-сынып оқушылары, 3 268 адам – ЖОО-ға шартты түрде түскендер, 2 781 адам – шығармашылық мамандықтарынан басқа мамандықтарға ауысушылар.
ҰБТ-ға қатысқандардың саны - 34 687 адам. Мүмкіндігі шектеулі жандар – 9, ҰБТ-ның шекті деңгейінен өткендер – 24 012 адам (69%), шекті деңгейден өте алмағандар – 10 675 адам (31%).
Бейінді пәндер комбинациясы бойынша «Математика-физиканы» 8 430 (28,8%), «Химия-биологияны» - 5 839 (19,9%) адам таңдаған. ҰБТ тесттерінің мазмұнына қатысты Республикалық аппеляциялық комиссияға 8 өтініш келіп түсті, оның 3-еуі қанағаттандырылды. Өткен жылы тест тапсырмаларының мазмұны бойынша 243 өтініш түскенін, оның ішінде 101-і қанағаттандырылғанын атап өту керек.
Сонымен қатар, тестіленушілерге қолайлы жағдай жасау үшін:
- барлық түлектерге сертификатпен бірге білім беру бағдарламаларының тізбесі көрсетілген ағымдағы жылы бөлінетін гранттар саны; өткен жылғы білім беру грантын беру конкурсының нәтижелері және өткен жылдың шекті балл көрсеткіштері қоса берілетін ақпараттық парақтар ұсынылады;
- ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жеке көмекшілер мен сурдоаудармашылар ұсыну;
- «Алтын белгі» иегерлеріне балл ұпайлары тең түскен жағдайда басымдық беру көзделіп отыр.