Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Латын жазуына көшу – заман талабы

Біздің елдің "әліпбиді ауыстырамыз ба? Ауыстырсақ қайсысын таңдап аламыз? Әліпбиді ауыстырған соң, оның нәтижесі қалай болады?" деген сауалдарға жауап іздегелі 20 жылдың жүзі болды.

Атап айтқанда бұл мәселе мынадай кезеңдерге бөлінеді:

1. Кеңестік дәуір аяқталып, Тәуелсіздік әлі бекімей тұрған өліара шақта (1985-1990 жылдары) ескі араб әліпбиінің А.Байтұрсынұлы өзгерткен нұсқасы "төте жазуға" көшуге деген құштарлық басым болды. Халықаралық "Шалқар" газеті шығып, "төте жазу" кейбір мектептерде оқытыла бастады. Бұл алғашқы кенет оянған патриоттық сезімнің әсері мен Алашорда арыстарына деген құрметтің негізінде туындаған болатын. Бірақ ол кезде елдің ішкі, сыртқы жағдайы әліпби ауыстыруға дайын емес еді.

Ахаңның алдындағы ескі араб жазуының түркі тіліне сәйкес келмейтінін ең алғаш М.Қащқари ескертіп кеткен (ХІ ғасырда). Кейін Ш.Уәлиханов, миссионер-педагог Н.И.Ильминский, Ы.Алтынсариндер де қазақтарға қиындық келтіретін жазу екенін атап көрсетті. Үйренуге ауыр, жат әліпбиді молдалар күшпен, таяқпен оқытуға мәжбүр болды. Тентек Қиясбай сол молданы таяқпен басқа ұрып қашты, Түйебай "шоқынып кетсем де молда алдын көрмеймін" деп қой жайып кетті. Сол кездегі жас ұрпақ қиналды, сауат ашу тежелді. Әліпбидің қоғамға әсер ететін маңызды нәрсе екенін осыдан-ақ байқауға болады.

2. Қазақ халқының арғы тектері болып саналатын сақ, ғұн, түркі, қыпшақтар  қолданған көне түркі руна жазуына көшу абзал болады деген көзқарас та белең алған-ды. Олардың уәжі: руна жазуы ең алғашқы төл жазуымыз, қазақ дыбыстарын дәл таңбалайды, басқа әліпбилердің барлығы жат тілдерге арналып жасалған және сырттан таңылған болатын. Шынында да көне түркі әліпбиінің біздің дыбыстау жүйемізге сәйкес келетіні рас, бірақ оның тым көнелігінен қорғанамыз. Кезінде тілімізге мүлде жат көне ұйғыр (манихей) және араб жазулары оның жолын кеспегенде, көне түркі әліпбиі біздің дәуірімізге дейін жетуі мүмкін еді. Көне түркі әліпбиіне тең келетін басқа бір әліпби әлемде әзірге жоқ.

Шыңғысхан наймандардан қабылдаған көне ұйғыр әліпбиін қазіргі Моңғолия "моңғол бітік" деп атап, қайтадан қолданысқа енгізу үстінде. Моңғолия көне жазуын сәтті "тірілтіп" жатса, бізге де ойлануға тура келеді.

3. Келесі бір топты "реформашылдар" деп шартты түрде атауға болады. Олар қазіргі қолданыстағы орыс (кириллица) жазуына ішінара өзгерістер енгізіп (кірме әріптерді алып тастап), одан әрі пайдалана беру керек деген пікір ұстанады. Негізінен "көп қаражат кетпейді және ғасырға жуық жинақталған әдеби, мәдени құндылықтарымыз сақталып қалады" деген уәждерді келтіреді. Олардың дені еңбектерінің барлығы дерлік славян әліпбимен жазылған ғалымдар мен ақын-жазушылардан тұрады.

4. Шағын бір топты "құрама көзқарастар" деп атаған дұрыс, өйткені олар қазіргі әліпбиімізді ауыстырып қажеті жоқ десе, енді біреулері мүлде тың таңбалар ойлап шығарғысы келеді немесе араб+латын, латын+кирилл жазуларын араластыру арқылы қоспа әліпби жасауды көздейді т.б. Бұл, әрине, жұмысты күрделендіргеннен басқа ештеңе бермейді.

5. 1990-шы жылдардан бері Түркияның ықпалымен латын жазуына көшу керек дегендердің пайызы артып, арабшылардың екпіні бәсеңдеп кеткені белгілі. Негізгі уәждері "түркі елдерінің біразы латынға көшті, солармен бір болу үшін" немесе "гүлденген" Еуропаға жақындау және "компьютер әлемінде еркін жүзу үшін қажет" дегенге саяды. Оған қарсыластары латын жазуы мен қазіргі кирилл жазуының түп-төркіні бір екенін айта келіп, бірінен-біріне көшкеннен не ұтамыз деген сұрақ қояды (кирилл жазуы шығыс грек, латын - батыс грек жазуларынан шығады).

 Жаңа латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы ұсынылды, бірақ қазақ дыбыстарын дәл таңбалайтын ортақ бір әліпби жасалған жоқ болатын. Өткен жылдың күзінде (16.11.2012 ж.) Стамбулда бас қосқан түркі елдерінің тілші, әдебиетші ғалымдары Түркия әліпбиіне негізделген 34 әріптен тұратын барлық түркі тілдеріне ортақ жаңа әліпбидің нұсқасын қабылдады. Жиынға барып келген Ә.Жүнісбек, Ш.Ыбырай, Ш.Құрманбайұлы сынды профессорлар Астана қаласында "Халықаралық кеңістіктегі қазақ графикасы" атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Оған ШҚО Тілдерді дамыту басқармасының бастығы А.Шаймарданов екеуіміз қатысып қайттық. Конференция шешімі Елбасына жетіп, Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жария етті. Сөйтіп "қай әліпбиді таңдаймыз?" деген мәселе өзінен-өзі шешілді.

Енді "қалай жүзеге асырамыз?" деген сұрақ күн тәртібіне қойылды. Ең алдымен көрнекті ғалымдардан, тіл мамандарынан, қоғам қайраткерлерінен тұратын жұмыс тобы құрылады. Олардың міндеті - тілімізге, фонетикамызға дәл келетін жаңа әліпбидің құрамын жасап шығу. Егер жаңа әліпби үйренуге де, оқуға да, жазуға да жеңіл, ыңғайлы болып шықпаса, оның қажеті шамалы. Мәселен, жоғарыдағы ғалымдар алып келген 34 таңбалы әліпби тілші-маман ретінде маған ұнаған жоқ. Ол Түркияның жазуына негізделгендіктен, қазаққа тән дыбыстар таңбасының үстіне ноқаттар, аяғына салпыншақтар қосып жазуға тура келеді. Менің ойымша, әйтеуір латынға көшеді екенбіз компьтер тақтасында тұрған 26 таңбалық классикалық латын әріптерін таңдап алу керек. Ал таза қазақ тіліндегі дыбыстар саны 28-ден аспайды (қазіргі 42 әріптің қалғандары орыс сөзін дәл жазу үшін керек деген кеңестік талап бойынша енгізілген болатын) . Жетіспеген латын әріптерін қостап жіберу әлемде бар тәжірибе. Мысалы, ң - ng сияқты. Сонда біз тек қана компьтердегі әріптер арқылы жазып, оқитын боламыз.

Әліпбиді таңдап алу бар да, орфографияның фонетикалық ұстанымын аламыз ба, морфологиялық ұстанымын аламыз ба деген таңдау тағы бар. "Айтылу бойынша жазамыз ба, әлде сөздің түбір қалпын сақтап жазамыз ба?" деген таңдау әліпби таңдаудан да маңызды нәрсе. Бұларды да жұмыс тобы ескеру керек деп ойлаймын.

Профессор Сұлтан Жанболат жаңа латын жазуы шетелдік қандастарымызға да таратылып, ортақ жазумен жазсақ, әдеби-мәдени араластығымыз жеңілдер еді дейді. Меніңше бүкіл түркі елдері осы компьтерлік латын жазуын қабылдаса, бір-біріміздің әдеби, ғылыми шығармаларымызды еркін оқи алар едік. Кезінде Н.Төреқұлов "түркі елдері бір тілде сөйлейді, әр түрлі жазады" деп өкінген екен.

Күздігүні өткен жиында жер-су аттарының дұрыс жазылуы туралы баяндама жасап, онда жаңа әліпбиге көшсек жер-су аттарын жазу қиын емес екенін атап өттік. Бүкіл атаулар мемлекеттік тілде латын жазуымен ғана тұратын болады. Аудармасы болмайды, өйткені латын жазуын көрші елдер же, шетелдіктер де оқи алады. Жаңа әліпби қазақ тілінің осындай көптеген мәселелерін шешіп беретін болады.

Б.Н.Бияров,

С.Аманжолов атындағы

ШҚМУ-дың қауымдастырылғанпрофессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Қазақ
× You found a Typo