Облыс әкімі Д. Ахметов халық алдындағы есебі барысында ШҚУ-дың абайтану бағдарламасын жүзеге асырудағы тәжірибесін атап өтті.
Даниал Кенжетайұлы Абайдың 175 жылдығына орай өңірде өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы айта келіп, Шығыс Қазақстан университетінің жанында "Абайтану" ғылыми-зерттеу институты құрылғанын атап өтті. Сонымен қатар, облыс мектептерінің 5-8 сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін кабинеттер ашылып, элективті курстар енгізілді, "Абай әлемі" кітап сериясын шығару жалғастырылды, облыс театрларында "Абай", "Жас Абай", "Қара сөздер", "Абай жолы" спектакльдері қойылды.
– Мерейтойдың негізгі оқиғалары Семей қаласында "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің салтанатты ашылуы және Мемлекет басшысының абайтанушылармен кездесуі болды. 200-ге жуық іс-шаралар мен жобалар, оның ішінде 71 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Абай жылының барлық іс-шаралары ақын мен ағартушының шығармашылығын сақтауға және насихаттауға, оның идеяларын қазақстандықтардың жаңа буынына патриоттық тәрбие беруде пайдалануға, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтауға, Семей қаласының туристік инфрақұрылымын және Абай ауданының ескерткіш орындарын жақсартуға бағытталды, – деді облыс әкімі.
Есептік кездесу заманауи коммуникация құралдары мен Facebook, Instagram, YouTube әлеуметтік желілерін қолдана отырып, онлайн форматта ұйымдастырылды.
Бұдан басқа, кездесу облыстық "Altai" телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Баспасөз қызметі