Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Өскеменде Рухани келісім күніне арналған жиын өтті

Радикалды әрі экстремистік идеологияларға қарсы тұру шаралары және ішкі тұрақтылықтың тұғыры – рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары жаңа форматта жандануы қажет. Бұл ойлар рухани келісім күніне орай өткен келелі жиын барысында айтылды.

Іс-шараны ашқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Ирина Ровнякова қазақстандық қоғам моделінің нық қалыптасып қана қоймай, өзге елдерге үлгі-өнеге болып отырғанын атап көрсетті. Бұл модельдің ең басты құндылығы да, қарапайымдылығы да – бір. Ол – қоғамдық келісімді дамудың басты факторы ретінде тану. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі желісі де сол халықаралық достық пен дінаралық толеранттылыққа құрылған.  Биылғы Жолдаудың өзегі де – ұлт бірлігі. 

– Көпұлтты әрі көпдінді еліміз егемендігін ала сала қоғамдық келісімді, рухани келісімді басты құндылық деп таныды. Содан біз ұтылған емеспіз. Елдің ішкі тыныштығын сақтай отырып, әлеуметтік саламызды әлсіретіп алмадық. Керісінше, экономикамызды нығайтып, дамудың даңғыл жолына шықтық. Дей тұрғанмен, осы тұрақтылықты сақтау жолында еңбек ете беруіміз керек, – деген ол жиналған қауымның назарын осы бір мәселеге аудартты.

 Салтанатты жиынға келген көпшілік, түрлі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, ұстаздар қауымы, жастар, атқарушы билік өкілдері өзекті мәселе жайында өз ойларын ортаға салды.

Қоғамдық келісім министрлігіне қарасты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу  орталығының маманы, дінтанушы-ғалым Галина Новикова өз баяндамасында еліміздегі діни ахуалға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2012 жыл елде 46 конфессияға қарасты 4 мыңнан астам діни бірлестік болған, қазір 18 конфессияға қарасты 2818 бірлестік тіркеуде тұр.

– Бірлестіктер саны біраз қысқарды. Бұл – заң талаптарының күшейгенін байқатады. Десек те, қалып отырған бірлестіктердің өзі әбден жетерлік, әрқайсысы өз қызметтерін бекітілген заң талаптары аясында атқарып жатыр. Елімізде діни наным-сенім бостандығына жол берілген, ол құқықтар орындалуда, – деді ол өз сөзінде. – Елімізде екі негізгі діни бағыт бар. Ол – Ислам дінінің Сүннит бағыты және Христиан дінінің Православ бағыты. Азаматтардың басым дені осы екі ағымның өкілдері болып табылады.   

Жиынға қатысушылардың барлығы дерлік келісімнің бізге көктен берілген сый емес екенін, сол келісімнің негізінде қарапайым қазақстандықтардың күнделікті еңбегі, ымырашылдығы мен төзімділігі жатқанын атап көрсетті. Әлемнің көптеген елдерінде нақ осы дінге қатысты қарулы қақтығыстар жиі болып жатады. Осыны ескерсек, біздің көпдінді еліміздегі ынтымақ пен татулық – таңданыс туғызатын фактор.

Осы ойды жалғастырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері Алтынбек Ұтысханұлы өз тараптарынан ел тұрақтылығын нығайтуға үлес қосып келетіндіктерін жеткізді.

–  Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың сөзімен айтсақ, «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Бі­лімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы «ке­рек­тердің» жолында жұмыс істеу керек». Ұлтты құтқаратын осы үш ұстаным біздің басты қағидамызға айналса деп тілейміз. Әсіресе, біздер – дін саласында жүрген азаматтар, бірлік жолында тер төге жұмыс атқаруға тиіспіз, – деді ол өзінің жалынды сөздерінде.

Қазақстанның православ шіркеу істері жөніндегі жетекшісі,  Қаскелең епископы Геннадий жаңа технологиялардың адам өміріне ықпалы қауіпті екенін айтып, жиналғандар назарын өзіне аударды. Оның айтуынша, гаджеттерге деген тәуелділікке ауылдардың өздері душар болған.

– Ресейдегі ауылдардың біріне барғанымда қатты ойландырып тастаған бір жағдайға тап болдым. Негізі, сол ауылға он жыл бұрын да барғанмын.  Шулаған балалардың көптігі сонша, оңашада еркін дұға етудің өзі қиынға соққаны есімде. Бүкіл көшелерде балалар толып жүретін. Міне, сол ауылға он жылдан кейін келіп, көшеде бірде-бір баланы кездестіре алмадым. Көшедегі егделеу бір кісіден «Балалар қайда?» деп сұрасам, балалар негізі бұрынғыдан да көп екенін, алайда олардың гаджеттер мен компьютерден қолдары босамай жатқанын айтты, – деген ол жаһандану заманында жастар үшін әлі талай айқастарға түсуге тура келетінін баса айтты.

Экстремизмге неге жастар әуес? Көпшілікке осындай сауал тастаған Галина Новикова оған өзіндік жауап қайтарды. Оның айтуынша, жалпы адамдардың, оның ішінде жастардың жаны әділдікке құмар, олар әркез, әрдайым кез келген ортада әділетсіздікке шыдай алмайды. Және сол әділестсіздікті жою жолында барын салады. Нақ осы психологияны деструктивті діни ағымдар өте тиімді пайдаланып отыр деген ой айтты маман.

– Дұрыс айтасыз, «қырыққа дейін адам революцияға құмартпаса – жүрегі жоқ, ал егер қырықтан асқан соң революцияны аңсайтын болса – оның миы жоқ» деген сөз бар. Міне, нақ осы жастардың бойындағы алып қуатты дұрыс бағытқа бұруымыз керек. Елдегі толып жатқан әлеуметтік мәселелер, ертеңгі күнге деген сенімсіздік жас буынның адасуына, түрлі провакациялардың құрбанына айналуына сеп болып отыр, – деді осы ойға қатысты Қаскелен епископы Геннадий.

Қоғамындағы өте өзекті де түйткілді тақырып – діни саланы тұрақтандыру екені белгілі. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығына ықпалды күрделі де нәзік саланы дұрыс бағытта дамыту үшін мемлекет тарапынан жаңа жоспарлар құрылып, тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізілуде.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да дәстүрлі дінді зайырлы қоғам құрылымымен ұштастыра насихаттаудың жаңа тетіктерін қарастыруда екен.

– Қазіргі діни ағарту жұмысы әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудан басталады. Үлкені бар, кішісі бар, барлығы да әлеуметтік желіні пайдалану арқылы әртүрлі ақпараттар алып сауаттарын көтеруде. Сол себепті біздің басты міндетіміз «Хикмет» атты жаңадан ашқан студиямызды пайдалану арқылы шағын видео, аудио роликтерді шығарып, халыққа насихаттау болмақ. Осы бағытта сапалы әрі жылдам насихат жұмыстарын істесек, халықтың діни сауатын көтере аламыз. Ол үшін ҚМДБ-ға қарасты барлық қызметкерлерге әлеуметтік желілерде белсенді түрде жұмыс жүргізуді тапсырудамыз, – деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Басқосуды жүргізіп отырған ШҚМУ проректоры Ирина Ровнякова бірлік пен ынтымақ – өте нәзік мәселе екеніне, сондықтан оған байыппен қарау керектігіне тоқталды. Расында да, соңғы уақытта бұл күн тәртібіндегі басты мәселе болып отыр. Өйткені, әлемде болып жатқан өзгерістер, жаңашылдық ұлттар мен діндер арасындағы қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді.

Отырыс барысында облыстағы діни бірлестіктердің өкілдері сөз сөйлеп, қоғамдық келісім мен татулықты арттыру бағытында атқа­рылып жатқан нәтижелі жұмыстардың көп екеніне тоқ­талды. Сонымен бірге, олар жуырда Астанада өткен әлем діндерінің 6 съезінде айтылған ойларды әрмен қарай өрбітіп, еліміз әлемге сан алуан ұлт және дін өкілдері татулығының жарқын үлгісін танытып отырғанын мақтанышпен атап өтті.

Баспасөз қызметі

Қазақ
× You found a Typo