Помор академиясы (Слупск қ., Польша) мен С. Аманжолов атындағы ШҚМУ арасында бірлескен оқу-әдістемелік және ғылыми қызмет бойынша ынтымақтастық туралы шарт жасалды.
Тараптар оқу жылы не болмаса семестр бойында дәрістер немесе қысқамерзімді курстар өткізу үшін ғылыми кадрлармен, оқыту үрдісін іске асырудағы ақпаратпен және білім беру тәжірибесімен алмасу туралы уағдаласты.
Мұнымен қоса, университеттер оқу және ғылыми-әдістемелік жұмыстар үшін студенттермен, аспиранттармен, оқытушылармен және қызметкерлермен алмасуды қарастырады.
Ғылыми қызметте ортақ қызығушылық тудыратын ғылым салаларында бірлескен зерттеулер, конференциялар мен семинарларды, ғалымдардың, оның ішінде аспиранттардың, докторанттардың ғылыми тағылымдамаларын өткізу, ғылыми ақпаратпен, оның ішінде жобалар бойынша жарияланымдармен алмасу жоспарлануда.
Шарт 5 жыл мерзімге жасалып отыр.
Баспасөз қызметі