Университетте «Серпін- 2050: Мәңгілік ел жастары - индустрияға» студент жастармен кездесу шарасы өтті. Түркістан облысынан арнайы келген өкілдермен жүздесуге «Серпін» бағдарламасымен оқитын білім алушылар, Жоғары мектептер декандары және Жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері қатысты.
Республиканың 24 жоғары оқу орны қатарында аталған ұзақмерзімді стратегияны орындау ісінде С.Аманжолов атындағы университет аса белсенді. Білім ордасы Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарынан талапкер жастарды қабылдау жұмысын қарқынды жүзеге асыруда.
- Серпіндіктермен кездескенімізге қуаныштымыз. Олармен сұхбаттасып, емен-жарқын әңгімелестік. Бастысы студенттер мұнда келгендеріне өте риза. Осыдан-ақ, университет барлық жағдай жасап отырғанын түсінуге болады. Әрине, осы орайда оқу орнының басшылығына зор алғысымды білдіргім келеді. Білім ордасында тіпті әскери кафедраға дейін бар. Ол дегеніміз түлектер тек қана маман атанып шықпай, қолдарына әскери билеттерін де алады, - дейді Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Азамат Имашев.
Университет қызметкерлерінің айтуынша, оқуға түскен жастар тегін жатақханамен, дәрігерлік қызмет көрсетумен, шәкіртақымен, жылына екі мәрте жолақымен қамтылады. ШҚУ-да қазіргі таңда 472 серпіндік студент бар. Соның ішінде ең көбі, яғни 201 жас Түркістан облысының тумалары. Қалған 91-і Қызылорда, 150-і Алматы, 26-ы Жамбыл және 4-еуі Маңғыстау облысының азаматтары.
- Алыс өңірден Аманжолов университетіне түскеніме еш өкінбеймін. Керісінше, қуанамын. Оқу орыны ғана емес, Өскемен де бізді келгеннен жылы қарсы алды десем, артық емес. Сондықтан, өзге өңір жастарын осында шақырамын,- деп ризашылығын білдірді ақпараттық жүйелер мамандығының екінші курс студенті Иманғали Жұмабай.
«Серпін» аясында 23 мамандық бойынша жоғары білімді кадрлар дайындалады. Өткен жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 100%. Жастардың 85%-ы Шығыс Қазақстан облысында жұмысқа тұрып, магистратура, докторантурада оқуларын жалғастыруда.