- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «ШҚМУ Аруы-2017» байқауы болып өтті.
Ақылдарына көркі сай, білімді де өнерлі, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін жетік білетін бұл сұлулар сайысына сайдың тасындай іріктеліп 10 ару қатысты.
Әсемдік пен білімділік сарапқа салынған байқауға төрағалық еткен әділқазылар алқасына «ШҚМУ аруы-2011» сұлулық байқауының гран при иегері, «4ART» студиясының хореографы, фотограф, визажист Арайлым Откульбаева, «ШҚМУ аруы-2016» жеңімпазы Әсем Айбекқызы, Шығыс өңірлік аруы конкурсының ұйымдастырушысы, университет түлегі Лаура Туртубекова, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың тәрбие жұмыс және әлеуметтіқ сұрақтар жөніндегі бөлім басшысы Руслан Абдрасулин, «RoyalB» қонақ үй кешенінің пиар-менеджері Екатерина Кривомазова сынды білікті, жан-жақты сала иелері кірді.
- Өткен жылға қарағанда биылғы жылғы сайыстың ерекшелігі сұлулар топ болып өнер көрсетіп, логикалық сұрақтарға жауап беру арқылы бақ сынасты. Сайыстың әуелгі қадамы өзін-өзі таныстырумен басталды. «Өнерлі өрге жүзер» демекші өнерлерін паш етіп, ситуациялық-танымдық сұрақтарға жауап беріп, өздерінің әр саладан хабардар, білімді екенін дәлелдеді. Сұлулар бәсекесінде арулар заманауи үлгіде киініп, сұлу да, сымбатты болуымен қатар, сахнада кәсіби түрде жүріп өтті, - дейді Руслан Абдрасулин.
Бар өнерлері мен білімдерін ортаға салып, түрлі деңгейден өтіп, жеңіске жеткен аруларымыз өз деңгейінде бағаланды. 3-орынды және «Көрермендер көзайымы» номинациясын Экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Эльмира Ахметова иеленсе, 2-орынға ФТжХҚФ студенті Камила Букетова лайық деп табылды. Жүлделі 1-орынды ШҚМУ жоғарғы колледжінің 1-курс студенті Нұрмира Елемесова алды. Ал Гран-При иегері, «ШҚМУ Аруы-2017» байқауының тәжі Педагогика және психология мамандығының студенті Саида Қосбайға бұйырды.
Баспасөз қызметі