- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
ШҚМУ әкімшілік корпусының акт залында барлық факультеттер бакалавриатының және магистратураның түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті.
– Бүгін сіздер төрт жыл күткен күн келіп жетті, бүгін сіздер маман екендіктеріңізді куәландыратын диплом алып отырсыздар, мемлекеттік комиссия сіздерге біліктілік тағайындады, – деді түлектерге арнаған құттықтау сөзінде оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор И.В.Ровнякова. – Университет қабырғасында алған білімдеріңізді өмірде, өздерініздің жаңа кәсіби қызметтеріңізде лайықты алып жүреді деп сенемін. Осы мерекенің естеріңізде мәңгі сақталғанын қалаймын.
И.В.Ровнякова атап өткендей, түлектердің мерекесі биыл 65 жылдығын атап отырған байырғы оқу ордасының мерейтойымен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа балады.
– Университетте тұтанған ұшқындарыңыз ешқашан сөнбесін, білім нұры өмірлік серіктеріңізге айналсын! – деді ол.
Шамамен 500 түлек бүгін диплом алды, ал «қызыл диплом» иегерлеріне сыйлық ретінде «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне билеттер берілді.
Диплом табыстау салтанаты туралы толық фоторепортажды С. Аманжолов атындағы ШҚМУ сайтынан көре аласыздар.
Баспасөз қызметі