Астананың 20 жылдығына орай ШҚМУ әкімшілік ғимаратының акт залында университет ұжымының салтанатты жиналысы және «Ел жүрегі – Астана» концерттік бағдарламасы болып өтті.
– Қазақстанның жаңа елордасын Елбасы саясатының жемісі және айшықты салтанаты деп санауға болады. Астана жаңа, тәуелсіз, болашаққа бет алған демократиялық Қазақстанның флагманына айналды, – деді көпшілік алдында жүргізуші қыз.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ұжымын ректор М.Ә. Төлеген құттықтап, Қазақстанның дамуындағы елорданың ерекше ролін атап көрсетті.
– Астана бүгінде елдің мегаполисіне, экономикалық және саяси орталығына айналып отыр. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана Бейбітшілік қаласы атанды. Мерейтой қарсаңында ШҚМУ Ғылыми кеңесі екі шәкіртақыны тағайындады – Абай атындағы (50 мың теңге) және Сәрсен Аманжолов атындағы (25 мың теңге). Стипендиялар ай сайын төрт жыл бойы төленетін болады. Университет ұжымын Астананың мерейтойымен құттықтаймын! – деді Мұхтар Төлеген.
Концертте ШҚМУ студенті, әнші Ю. Юрочкина, ақын Д. Садыбаев, домбырашы И. Мұхаметова, әнші, университет профессоры А.Б. Нұрғожина және басқалар өнер көрсетті.
Баспасөз қызметі