С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы аясында оқып жатқан студенттер университет ректорымен, «NUR OTAN» партиясының және мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті.
29 мамырда С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы аясында оқып жатқан студенттер университет ректоры Мұхтар Төлегенмен, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбековамен, «NUR OTAN» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Бақыт Маржанмен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен кездесті.
Студенттер «Серпін» бағдарламасы түлектеріне облыста еңбек еткен жағдайда ұсынылатын әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат алды. Университеттің жұмыс беруші серіктестері «Серпіннің» әр түлегіне тұрақты жұмыс табылатынын атап көрсетті. Мәселен, білім басқармасының ақпаратына сәйкес облысқа 460 педагог қажет.
Жастар университет басшылығы мен оқытушыларына сапалы білім, шығармашылық дамуға берілген мүмкіндіктер үшін алғыс білдірді.
Биыл ШҚМУ-ды 171 «серпіндік» студент бітіреді, олардың 125-і педагогикалық, 46-сы техникалық мамандықтарды меңгерген.
Кездесу соңында университет ректоры және атқарушы органдар өкілдері белсенді студенттерді алғыс хаттармен марапаттап, табыс тіледі.
Фото https://cloud.mail.ru/public/5wpk/WjQj6Js5w
Баспасөз қызметі