С. Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, тарих ғылымының кандидаты, білім беру ісінің құрметті қызметкері Маратбек Ақанов Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Қазақтың ру-тайпа атауларына ғылыми көзқарас» кітабын оқырманға таныстырды.
Іс-шараға С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ғалымдары мен студенттері қатысты.
– Кітап тұсаукесеріне тарихшылар, оқытушылар, ұстаздар, студенттер, мектеп оқушылары, кітапхана оқырмандары келді, – дейді кітапхана мамандары, – Ғалым ру-тайпа атауларының шығу тарихын ежелгі түркі, араб, парсы, моңғол, қытай сөздіктері мен түрлі жазбаша түпнұсқалардағы деректерді, ауыз әдебиетіндегі мәліметтерді ұштастыра отырып талдағанын әңгімелеп берді.
Еңбегінде автор ру-тайпа атауларынан басқа, Шыңғыс ханның этникалық тегі туралы мәселеге тоқталып, найман-моңғол соғысы кезінде тарих сахнасына шыққан ірі тұлға – Күшілік хан жайлы тың мәліметтер келтіреді.
Басылым қазақ шежіресіне, халқымыздың тарихына қызығушылық танытатын барлық оқырманға арналған.
Баспасөз қызметі
Фотосуреттер А.С. Пушкин атындағы кітапхананікі