Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

ШҚМУ студенттері халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебіне қатысты

6-9 ақпан аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Алматы облысы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде VI халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі өтті.

Қысқы мектепке ШҚМУ ректоры, профессор М.Ә. Төлегеннің қолдауымен Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының оқытушысы Н.Т. Чыншаева, журналистика мамандығының 2 курс студенті  А. Төлеубек, 1 курс студенті К. Исан қатысты. Орталық Азия ЖОО-ларының ұстаздары мен студенттері, жас журналистері қатысқан бүкіләлемдік радио күніне арналған «Радио – толеранттылық, диалог және бейбітшілік» семинар-тренингі болды.

Іс-шараға елдегі жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, PhD докторанттары, оқытушылары, республикалық және аймақтық БАҚ журналистері, болгерлер мен контент-редакторлар қатысты.

Олардың қатарында «Қазақстан», «Қазақ радиосы», «Қазақ Интернеті» компанияларының, Ауғанстан БАҚ-тарының өкілдері, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан, Қырғызстан ЖОО-лары бар. Сонымен қатар, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының оқушылары қатысты.

Үш күндік бағдарламада БАҚ-тың жаңа бағыттары, журналистерді тәжірибе жағынан шыңдайтын мәселелер, жаңа медиа саласындағы сұрақтарды шешу жолдары қаралды. 72 сағат көлемінде болған дәрістің 32-сі практикалық модульдардан, 32-сі дербес жұмыстардан, 8-і блогтурдан тұрды. Дәрістер мен семинарлар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді.

Қысқы мектептің ашылуында журналистика факультетінің деканы С. Медеубек, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО маманы С. Карпов, ҚР БҰҰ ақпарат бюросының басшысы А. Мұхидов, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, осы шараның ұйымдастырушысы Г. Сұлтанбаевалар құттықтау сөздерін айтты.

 Орталық Азия университетің ректоры Эвангелия Папоутсаки, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы С. Медеубек, Халықаралық экономика және дипломатия университеті журналистика факультетінің профессоры М. Изатуллаева, Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы А. Дүйшекеева презентацияларымен таныстырды.

«Ауған журналистикасындағы диалогтық төзімділік» баяндамасын жасаған Шахаби Роена мен «Америка үнінің» репортері Ашрафи Набилла сынды жас журналистердің қайсарлықтарын айтпасақ жөн болмас. Елдерінде  соғыс болып жатса да, олар халықты елдегі жаңалықтармен хабардар етіп отыр. 17 әріптесінен жарылыс кезінде айырылған оларға мемлекет тарапынан еш қолдау жасалмайды екен.

Екінші күннің шеберлік сыныптары Г. Әлімгерейдің тікелей эфирде жіберуге болмайтын қателіктер жайлы дәрісімен басталды. Б. Төлеген сайт ашудағы 7 қағиданы ұсынып, сайт жасаудағы басты қателіктер туралы түсіндірді. «Тәуелсіз авторлар платформасындағы диалог» тренингін өткізген А. Марғұланның «БАҚ саласының жас өкілдері өздерін Америка, Еуропа  елдерімен салыстырудың қажеті жоқ, алайда білімнің салтанат құруы – ел болашағы» деген пікірі жастарға мотивация берді. «Журналистикадағы редакциялау және диалог» семинар-тренингін жүргізген «Қазақстан» арнасы «Таңшолпан» бағдарламасының шеф-редакторы О. Қасым жиі жіберілетін «Назарларыңызға рақмет, туылған күн» сынды тіл нормасындағы қателіктерді айтты.

 Жастар тәжірибе жинап қана қоймай, көңіл көтеріп, өнерлерін көрсетті. Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірттері бастаған кеш жастардың өнер сайысына айналды.

Үшінші күні әлеуметтік желілердегі лингвистикалық қателер, жаңа медианың сандық технологиялары жайлы сөз қозғалып, профессор Д. Әлкебаева, доцент С. Иманқұлова маңызды ғылыми дәрістер оқыды. Informburo.kz сайтының тілшісі Ж. Өрісбайдың  «Журналистік зерттеулер жүргізудегі әлеуметтік диалог» дәрісі жас тілшілерді шынайы, батыл журналист болуға ынталандырды. А. Әлімжанованың «Виртуалды технологиялар және сандық диалог» қорытынды дәрісі қатысушыларға жаңа леп берді.

Семинар-тренинг ақындардың поэзиясымен жалғасып, қатысушыларға куәлік берумен аяқталды.

Соңғы күні «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Алматы қаласына блогтур ұйымдастырылды. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығымен, ұлттық кітапханасымен және «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығымен танысты. Ондағы студенттерге жасалған жағдайға қонақтар таңқалысып жатты. Кейіннен қонақтар Елбасы атындағы ұлттық саябаққа барып, естелікке фотосуретке түсті. Үш күнде бір-біріне бауыр басып қалған қатысушылар қимастықпен қоштасты.

Семинар-тренингке қатысушылар білімдерін толықтыра алды. Студенттердің осындай шараларға қатысуына мүмкіндік жасаған ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлегенге алғыс білдіреміз.

Асар Төлеубек, Күмісжан Исан,

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ журналистика мамандығының студенттері

Фото-суретті түсірген Марат Жүнісбеков

Қазақ
× You found a Typo