Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Шпекбаев пен облыс әкімі Д. Ахметов С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «PARASAT» студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Орталық Халыққа қызмет көрсету орталықтары қағидаты бойынша жұмыс істейді. «PARASAT» студенттерге, магистранттарға, докторанттарға 30-дан астам қызмет көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік қызметтер де бар.
– Орталық білімгерлерге түрлі құжаттар алу үрдісін айтарлықтай жеңілдетеді. Оның жұмысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға бағытталған, – деп атап өтті С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Сондай-ақ, қонақтар адалдық кітапханасының, «Sanaly urpaq» фронт-кеңсесінің, «Sanaly urpaq» студенттік клубының жұмысымен танысты.
– Көргенімнің бәрі мені қуантты, тек ректордың өзі ғана емес, студенттердің бәрі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға мүдделі екені көрініп тұр, – деді А. Шпекбаев.
Фронт-кеңседе ШҚМУ студенттері адалдықтың, ардың, әділдіктің белгісі болып табылатын «Таза қол» мүсінінің макетін агенттік мұражайына тарту етті.
Келешекте мүсінді университеттің №1 оқу ғимараты алдына орнату көзделуде.
Баспасөз қызметі