- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған мерекелік шаралар облыс орталығындағы Даңқ мемориалында өтті. Майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алып, өңір басшысы Даниал Ахметов облыс тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтады.
Өскемен қаласында Жеңіс күні кеңінен аталып өтілуде. Шаралар кешені «Даңқты полк» еске алу акциясымен басталды. Оған С. Аманжолов атындағы ШҚМУ оқытушылары мен студенттері қатысты. Сонымен қатар, шара Мәңгілік отқа гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.
Шара барысында соғыс және тыл ардагерлеріне, өңір тұрғындарына облыс әкімі Даниал Ахметов өз тілегін білдірді.
– Ұлы Отан соғысы – өткен тарихымыздағы тағдырлы да, қасіретті кезең. Өмір мен өлім айқасқан сол бір жылдары, біздің аға ұрпақ, Отан қорғау жолында, көзсіз ерлік пен жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетті. Біз бүгін, Ұлы Жеңіс мерекесін, зор қуанышпен қарсы ала отырып, ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас иеміз.Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған сарабдал саясаттың ең басты қағидасы - тұрақтылық пен тыныштық. Біз, жеңімпаз батырлардың ұрпағы екенімізді әрқашан мақтан тұтып, олардың ерліктері мен есімдерін мәңгілік есте сақтауға тиіспіз, – деді Даниал Ахметов.
Мерекелік шара әскери техника көрмесімен және мерекелік концертпен жалғасты. Соғыс ардагерлері мен қала тұрғындары әскери ботқадан дәм татты. Мұнымен қоса, бұл күні қалада көптеген бұқаралық-спорттық шаралар өтуде.
Айта кетсек, ҰОС жылдары майдан даласына облыстан 180 мың сарбаз аттанып, оның 83 мыңы соғыс алаңында қаза тапты. 109 шығысқазақстандық Кеңес Одағының батыры атығына лайықталса, 24 жауынгер «Даңқ» ордендерінің толық кавалерлері атанған. Сонымен қатар, майданда атылған әрбір тоғызыншы оқ Шығыс Қазақстанның қорғасынына құйылған.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасөз қызметі