С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ҚР БҒМ «Қазақстанның қазіргі қалалық кеңістігі» және «ҚР-нің демографиялық қауіпсіздік деңгейін бағалау» ғылыми жобаларын іске асыру шеңберінде «Қазақстандағы және шектес аумақтардағы этнодемографиялық процестер» ХІХ халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өтті.
Халықаралық конференция Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына арналған.
Конференция қатысушыларына Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры М.Ә.Төлеген, Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы «Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығының» басшысы Ж.А. Алканова, «Nur Otan» партиясы ШҚ облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Н.Л. Краснобаева және шетелдік қонақтар – Иркутск мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық қызмет жөніндегі проректоры К.В. Григоричев және Алтай мемлекеттік университеті шығыстану кафедрасының меңгерушісі Ю.А. Лысенко құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты (Нұр-Сұлтан қ.) «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Қалиқанқызы Буканова сөз сөйлеп, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ынтымақтастығының нәтижесін – орталық ғалымдары Александр Николаевич Алексеенко мен Жанна Сәкенқызы Әубәкірова дайындаған «Демографиялық тарих контекстіндегі қазақтар» жаңа монографиясын ұсынды.
Көлемі 400 беттен тұратын кітапты қазақстандық «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты 2020 жылдың желтоқсан айында екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде басып шығарады.
Конференцияның пленарлық сессиясында доцент Раушан Қалымбекқызы Нұрбекова, профессор, «Алтайтану» ҒЗО бас ғылыми қызметкері Александр Николаевич Алексеенко және Н. Добролюбов атындағы Нижегород мемлекеттік лингвистикалық университетінің доценті Людмила Николаевна Игнатьева ғылыми баяндамалар жасады.
Конференция аясында екі панельдік сессия өтті. Бірінші – студенттер мен магистранттарға арналған «Мәдениетаралық толерантты кеңістік және жастар ортасында диалогты дамыту» жобасы шеңберіндегі жастар сессиясы. Екіншісі – ғылыми-әдістемелік вебинар форматында.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Жапониядан барлығы 70-ке жуық ғылыми мақала жарияланды.
«Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы