С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Абай оқулары-2021» VI облыстық байқауы өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Абай оқуларының» мақсаты – Абайдың шығармашылығын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухына баулу арқылы жастардың шығармашылығын шыңдау.
Байқаудың басты ерекшелігі – сайыста озып шыққан талапкерге С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректорының білім гранты тағайындалады.
Байқауға қатысуға Абай, Бесқарағай, Зайсан, Аягөз, Жарма, Күршім, Көкпекті, Тарбағатай, Ұлан, Катонқарағай аудандары мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларының мектептері өтініш берді.
"Абай оқулары" байқауында 1 орынды Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылының оқушысы Бекарыс Секенов иеленді.
Абай мұрасын шет елдерге таныту, халқымыздың мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатында С. Аманжолов атындағы ШҚУ 2019 жылы 7 ақпанында Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-техникалық университеті базасында «Абай» орталығын ашты. 2018 жылы университетіміздің №9 ғимаратында «Абай» дәрісханасы ашылып, 2018 жылдан бастап үздік студенттерге арналған «Абай» атындағы шәкіртақы тағайындалды. Білім мен ғылымға ерен еңбегі сіңген тұлғаларға арналған «Абай» атындағы алтын медаль шығарылып, университет жанынан «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды.
Баспасөз қызметі