«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында жалпыхалықтық оқуға 30 кітап таңдалды.
Оның ішінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан» атты кітабы да ұсынылып отыр.
Осыған орай ШҚУ Ғылыми кітапханасы өз оқырмандарына туғанына 90 жыл толып отырған ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Көркем сөздің шебері» кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрмеге қойылған «Өмірдастан» кітабы – ақынның көзі тірісінде жарық көрген соңғы кітабы. «Өмірдастан» поэмасы – М. Мақатаевтың соғысқа қарсы шығармасы. Поэманың өзегінде соғыс кезіндегі ауыл тіршілігі, әже, әке, жеңге, балалық дәурені жүрегін сыздатқан ауыр күнге айырбасталған лирикалық кейіпкер тағдыры жатыр. Шығармада жеке тұлғалардың ішкі әлемінің дамуындағы ұнамды қасиет сияқты проблемалар қойылған.
Ол – жақсылық пен жамандық арасындағы күрес, адамгершілік қасиеттер. Бұл құбылыс поэмадағы бейтаныс жолаушы, қайырымды қарт, Дариға жеңге, лирикалық кейіпкер образдары арқылы күрделі лирика-философиялық жүйеге енеді. «Өмірдастандағы» лирикалық кейіпкер «Келін», «Хаттар, хаттар», «Жеңеше» поэмаларындағы лирикалық кейіпкермен тағдырлас.
Кітап көрмесінде Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығы, Отанға деген сүйіспеншілікке толы шығармалары, сондай-ақ мерзімді басылым беттерінде жарияланған ақын-жазушылардың ол туралы мақалалары да ұсынылған.
Ғылыми кітапхананың №1 ғимараттағы №103 дәрісханада орналасқан кітап көрмесі наурыз айына дейін жұмыс істейді.
Келіңіздер, көріңіздер, оқыңыздар!
Раушан Төлеуханова,
Ғылыми кітапхана