18 қарашада Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында «Жыл кітабын бірге оқиық» атты онлайн оқырмандар конференциясын өткізді.
Шараға кафедраның профессор-оқытушылық құрамы, докторанттары, магистранттары мен студенттері «ZOOM» платформасы арқылы қашықтықтан қатысты.
Республика көлемінде жыл жайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге, оқып-білуге деген қызығушылықты дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету.
Кафедра биылғы Абай жылына арналған шараларды тиянақтаудың бір көрсеткіші ретінде акция асында оқу ұсынылған заңғар жазушы М.О. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқырман көзімен қарауды мұрат тұтқан еді.
Оқырмандар конференциясының шымылдығын кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к. Сәкен Тоқанұлы Қасенов өз кіріспе сөзімен ашып, ары қарай «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор Айжан Маратбекқызы Қартаева оқырмандарға абайтану ілімі мен роман-эпопеяға қатысты жұртшылық біле бермейтін деректерді әңгімеледі.
Конференция барысында кафедра студенттері романның әр томына, ондағы кейіпкерлер жүйесіне, замана көріністеріне, ұлы ақын тұлғасының кемелдену сатыларына кеңінен тоқталып, роман-эпопеядан түйген түйінді ойларын ортаға салды. Хакім рухына арнау өлең оқылып, романға бейнешолу да жасалды.
Іс-шара соңында қатысушылар конференцияны ұйымдастырушылар –Айымгүл Қамзақызы мен Гүлжанат Әнуарбекқызына алғыстарын айтып, тағылымды шара болғанын жеткізді.
Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы