Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

ШҚУ-дың Ғылыми кітапханасы Міржақып Дулатұлының 135 жылдығына орай виртуалды көрме ұсынады

ШҚУ ғылыми кітапханасы XX ғасырдың басында бойкүйездік басқан халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жылдығына орай виртуалды көрме ұсынады.

Тәуелсіздігіміздің болашақта тізгінін ұстайтын жастарымыз М. Дулатұлының шығармаларын оқи отырып, өздерінің таным-түйсігін қалыптасырады, болашаққа деген сенімін нығайта түседі деген сенімдеміз.

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты», – деп жырлаған Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі 1905 жылы Қарқара жәрмеңкесінде қазақтардың Ресей патшасына тарихи құзырхат жазған кезінен басталған. «Оян, қазақ» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан. Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Осы «Оян, қазақ» пен «Бақытсыз Жамал» қазақтың жүрегіне жол тапқан алғашқы көркем шығарма болып табылады. Осы кітаптар арқылы қазақтың ішінде ояну, гүлдену, өркениетке ұмтылу деген аңсар пайда болды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған «Қазақ» газеті 1913 жылы жарық көре бастағанда оның басы-қасында бас редактор Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды.

Міржақып Дулатұлы – 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі. Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың бірі. М. Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытовтармен тығыз байланысты. Қазақтың зиялы қауым өкілдері сол қоғамның ең өзекті мәселесі отарлық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, оны қалыптастыру жолында өздерінің шығармашылық қызметтерімен де, қоғамдық-саяси қызметтерімен де алға шығып, қалың қазақ халқын соңдарына ілестіре білді. Оның алғашқы үкімет саясатын сынай жазған мақаласы «Біздің мақсатымыз» деген атпен 1907 жылы «Серке» газетінде басылып шығады.

Ал 1909 жылы Петербургте Міржақып Дулатұлы қазақ халқының көзін ашуға талпынып «Оян, қазақ!» деген кітабын жариялайды. Патша өкіметінің қазақтардың малға жайлы шұрайлы жерлерін тартып алып, ата-баба бейітін бұзып, халықты қалай болса солай тартқылап, не тіліне, не діліне, не жеріне иелік етуге мүмкіндік бермей, әбден езіп, жаншығаны Міржақыптың жүрегіне ауыр тиеді. Осы өлеңі арқылы халықтың ауыр тұрмысын ойлап, сынға алып жазады.

1913 жылы А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатұлылардың белсенділігімен «Қазақ» атты бейресми газет шығарыла бастайды. Бұл газетте негізінен қазақ халқының қоғамдық мүдделерін көксеген жер, оқу-ағарту, ұлт, дін сияқты маңызды мақалалар жарияланды. Сөйтіп «Қазақ» газеті қазақ зиялыларының басын біріктірді. «Қазақ» газеті арқылы «Алаш» партиясын дайындауда да елеулі жұмыстар атқарды. Қазақтың ұлт интеллигенттерінің алғашқы қадамы, қазақты біріктірудегі, көзін ашудағы, сана-сезімін оятудағы жұмыстар тікелей осы газет арқылы іске аса бастады. «Алаш» автономиясы мен Алашорда үкіметін құруда Міржақып Дулатұлы көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар, М. Дулатұлы – әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. «Оян қазақ!» кітабынан бөлек, екінші өлең кітабы 1913 жылы Орынборда «Азамат» деген атпен жарыққа шығады.

Міржақыптың үшінші өлеңдер жинағы – «Терме» 1915 жылы шыққан. М. Дулатұлының қазақ әдебиетінде роман жанрын дүниеге келтірген құнды шығармасы – «Бақытсыз Жамал». «Бақытсыз Жамал» романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындылығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне үлкен жол ашты.

Міржақып Дулатұлының еңбектері, сол қоғамдағы атқарған сан-салалы қызметтері – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық құнды дүниелер.

 

 

Раушан Төлеуханова,

 Ғылыми кітапхана

Қазақ
× You found a Typo