- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
30 қазан күні жалпы республикалық шаралар шеңберінде Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық универсиетінде Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған «Өлең – сөздің патшасы...» атты студенттер арасындағы жас ақындар айтысы өтті.
Онлай өткізілген жыр сайысының іріктеу кезеңіне 14 айтыскер қатысып, ақтық кезеңге 4 студент жолдама алды. Солардың бірі С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті Ардақ Адалбек ақтық мәреде 3-орынды иемденіп, жүлдегер атанды.
Ардақ финалдық айналымдарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Жасар Нұрданбекұлымен, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Зылиха Наурызалинамен сөз қағыстырды.
Аламан айтысқа қатысушылардың дарынын Талант Арынғали, Саят Қамшыгер, Ләззат Игісін сынды танымал ақындар бағалап, жыр додасына төрелік етті.
Кафедра ұжымы халқымыздың алдаспан өнерінде жарқ етіп көрінген шәкіртіне айырықша қолдау білдіріп, «сөз барымтасына» баруына жағдай жасаған оқу орны басшысы М.Ә.Төлегенге ерекше алғыс айтады. Сүре айтыстардағы Ардақтың жолы даңғыл болсын!
Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы