ШҚМУ студенттері танымал ақын, Жазушылар одағының мүшесі, «Шалқар» радиосының директоры Қалқаман Саринмен кездесті.
Кездесуге әдебиетті сүйетін студенттер жиналды. №5 оқу ғимаратындағы «Рухани жаңғыру» конференц-залында екі сағатқа жуық болған сұхбат тағылымға толы болды. Жас ақындар сұрақтар қойып, өз туындыларын оқып, Қалқаман Айымғазыұлының көңілінен шықты. Ақын да өз өлеңдерімен бөлісті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студентті Алтынғадыс Күнтуғанды «Шалқар» радиосына қонаққа шақырды.
Кездесуден соң ақын «Алтай жастары» студенттер телерадио кешенінде болашақ журналистермен кездесті. Сұхбат тізгінін 2 курс студенті Ләззат Қанатқызы ұстады.
– Әрқашан жазғандарың шындық, айтқандарың ақиқат болсын, – деген ол тілек кітапшасына ізгі лебізін, қолтаңбасын қалдырып, студенттермен естелік фотоға түсті.
Төлеубек Асар,
журналистика мамандығының 2 курс студенті