- Қазақ
- Русский
- English
- Qazaq tili
Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде (Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы) өткен «Рухани жаңғыру – ұлттық жаңғыру» атты студенттер арасындағы республикалық шығармашылық жұмыстар байқауына ШҚМУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша 3 курс студенті Ғафура Толымханова проза жанры бойынша, ал 2 курс студенті Аида Амангелді поэзия жанры бойынша ІІ орындарды иеленіп, университетіміздің абыройын асқақтата түсті. Қалған студенттер алғыс хатпен марапатталды.
ШҚМУ студенттері Саттар Ерубаев атындағы әдеби-шығармашылық клубтың тұсаукесеріне қатысып, жырдан шашу шашты. «Серпін» жобасы бойынша орта мектептерде түлектерге үгіт-насихат жүргізіп, Аманжолов университетінде білім алуға шақырды. Қазақ филологиясында оқитын студенттермен, кафедра оқытушыларымен кездесулерге қатысты.
Сондай-ақ, Әзірет Сұлтан музейінде болып, қазақ хандарының зираттарын, ортағасырлық шығыс моншаларын, жерасты мешітін, өзге де тарихи нысандарды аралап, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелерін тамашалады.
Студенттер сапары екі ЖОО арасындағы оқу-әдістемелік, ғылыми-әдеби-шығармашылық байланысқа мұрындық болды.
Еңлік Қабидолданова
3 курс студенті