Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы екі күн бойы Шығыс Қазақстанда іссапармен болды.
Тұрғындармен кездесуде делегация мүшелері Елбасының бастамасымен қолға алынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа іс-шараларын түсіндірді.
Үкіметтік жұмыс тобымен кездесуге С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген қатысты.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, алдағы 3 жылда әлеуметтік блокты дамытуға 2,3 триллион теңге бөлінеді. «Әлеуметтік қаморлық» бағдарламасын іске асыру мына бағыттардан тұрады: аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмек арқылы қолдау, баспанамен қамту, 1 маусымнан бюджеттік сала қызметкерлері жалақысын көтеру, медициналық қызмет сапасын арттыру және заманауи құралдармен жабдықтау.
Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев атап өткендей, елімізде атаулы әлеуметтік көмекке 830 мың отбасы үміткер, оның 46 мыңы – ШҚО-дан.
Оның айтуынша, мұндай отбасыларды қолдау шаралары мен әлеуметтік қызметтердің бірыңғай пакеті әзірленген. Оған 1-4 сыныптардағы мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамту, аналар мен балалардың қоғамдық көлікте жеңілдетілген жол жүруі, мектеп формасымен, оқулықтармен, құрал-жабдықтармен қамту, балабақша кезегіндегі басымдық, газ анализаторларын, су, жарық есептегіштерін тегін орнату, үйде әлеуметтік жұмыс орындарын құру, гранттар мен шағын несиелер беру, баспана жағдайын жақсарту, бірреттік әлеуметтік көмек көрсету сияқты шаралар енеді.
Баспасөз қызметі