Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Ұлы Жеңіске - 75 жыл: Елжіреп еске аламыз

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы есік қағып тұр. Жеңіс күні біз үшін киелі мейрам. Жеңіс жалауы желбіреген күн. Жеңіс – атамыздың қан-майданда көрсеткен ерлігінің тамшылап жерге тамған маңдай терінің арқасы.

Халқымызда «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Зияда атамыз қайтыс болғалы Хафиза апамыз өткен күніне құран бағыштап жүруші еді. Міне, ол кісі де бақилық болды. Енді артында қалған бала-шағасы, немере-шөберелері сағынышпен еске алып жүреді. Осы жазған азғантай естелігімді атамның рухына деген сағыныш ретінде қабыл аларсыздар.

Зияда Заитқалиұлы Құрманғалиев – 1925 жылы 9 қаңтарда Алматы облысы Сарқан ауданы Қарғалы (Тынышбай) ауылында өмірге келген.

Зияда Құрманғалиев – адамзат жүрегіне айықпас жара салған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына үлес қосқандардың бірі. Ол – қазақтың бір туар ұлы Мұхамеджан Тынышпаевтың туған немересі.

Зияда Заитқалиұлы 1941 жылы Шатырбай жетіжылдық мектебін бітіріп, «Искра революции» ұжымшарында еңбек жолын бастады. 1943 жылы 1 наурызда әскер қатарына шақырылып, Солтүстік Қазақстан облысында айлық сержанттар дайындайтын курстан өтті. Жаратылысынан зерек жасты тани білген жоғары шенділер оны Ташкенттегі Ленин атындағы офицерлік училищеге жібереді. Осы оқу орнын бір жыл, екі айда тәмамдап, взвод командирі ретінде Польшаның Висла өзені түбінде алғаш соғысқа енеді.

...Атқыштар взводының командирі лейтенант Құрманғалиев Зияда бар болғаны 20 жасында еді. Взводындағы жауынгердің ең жасы да, ең тәжірибесі азы да өзі. Ташкенттегі училищені жаңадан ғана бітіріп келген. Соған қарамастан ол басқарған взвод жауынгерлік тапсырманы орындауға қабілетті болып шықты.

Осы қыста Висла-Одер операциясы кезінде мұның взводына Одер өзенінің ортасындағы аралды шабуылмен алу бұйрылған болатын. Не істеу керек?

Тікелей жүзіп өту мүмкін емес. Қыс болғанымен түскен бомбадан, жарылған снаряд, миналардан өзеннің мұзы астан-кестен.

Бұл шабуылды түнге қалдырды. Оған дейін өзенді жоғарылап барып, ағаш қиғызып, сал жасады. Түн жарымда әр салға он-оннан орналасқан взвод өзен ағысымен ескектерін сақтықпен қозғап аралға жетті.

Бұл тұстан қауіп күтпеген фашистер қапы қалды. Тапсырманы іскерлікпен аяқтағаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, кейін Рейхстагқа шабуыл кезінде көрсеткен ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен марапатталды. Жас офицердің бұл алғашқы үлкен жеңіске қосқан өз үлесі болатын.

Берлинге кіру де оңай болған жоқ. Әрбір көше, әрбір үй, тіпті әрбір адым жер үшін қан төгілді. Жер-көктің бәрінен оқ жауып тұр. Осындай қым-қиғаш шабуылдың бірінде 23 сәуірдің түнгі 12 сағат кезінде рота командирі взвод командирлерін шақырып алды.

– Алда жаудың бекінісі.

Бір взвод соны айналып өтіп жоймайынша шабуылға шығу мүмкін емес.

– Мен барамы, – деді лейтенант Құрманғалиев.

Айналып өту оңайға соқпады. Алғаш подвалмен біраз жылжыды, одан жер асты су құбырын бойлай жүріп, сыртқа шығатын жол таппады, әрі белден су және қараңғы. Құлаған үйлердің керегелерін паналап, бірде жоғары, бірде төмен түсіп жүріп, взвод ақыры бес қабат үйдің төртінші қатарына, бекіністің дәл тұсына жетті. Жаудың бекінісіне бірден бірнеше гранатаны бірақ лақтырды. Енді көшенің қарсы бетіндегі шатырдан пулемет сақылдай жөнелді. Сол жолы ол қатты жарияланды. Ол Польшаның Познань қаласындағы госпитальда есін жиды. Басынан және бүйірінен жараланған екен. Ұлы жеңісті госпитальда қарсы алды.

1946 жылы майданнан жеңіспен оралған Зияда атамыз Лепсі педучилищесінде оқып жүрген кезде Хафиза деген жан-жарын кездестіреді. Екеуі отбасын құрады. Дүниеге он бала әкеледі. Олардан жетеуі тірі қалады: 3 ұл, 4 қыз. Сол балалардан қазіргі кезде 21 немере, 54 шөбере, 2 шөпшек бар.

1958 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институттың жағрафия факультетін сырттай оқып бітірді.

Қырық жылдан астам ұстаздық етіп, жас ұрпаққа білім берді. Ол кісі менің әкеме де сабақ берген екен. Жас ұстаздарға өзінің мол тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Ол педагогикалық оқулардың неше мәрте жүлдегері. Оның «Мектептегі өндірістік бригада және оқушыларды еңбекке баулу» деген баяндамасы республикалық педагогикалық оқуларға ұсынылды. Атамыздың майдандағы жауынгерлік ордендері мен медальдарының қатарын «Қазақ КСР-і халыққа білім беру ісінің үздігі»  төс белгісі толтырды.

Жауынгер, педагог және коммунист Зияда Құрманғалиев 1947-1984 жылдар аралығында Садовое сегізжылдық, Қарғалы, Шатырбай, путь Ильича ұжымшарындағы орта мектептерде ұстаздық етті. Ұлы Отан соғысының 2-ші топтағы мүгедегі ретінде 1979 жылы құрметті демалысқа шықты.

Майдангер ұстаз 2001 жылдың 14 маусымында дүниеден өтті.

Зияда ата өткенін өлеңмен өрнектеп жүрген жайсаң жанды ақын. Майдангер қаламы, әсіресе, өзі бастан өткерген соғыс өрті туралы жазғанда кібіртіктеп көрген жоқ:

Жеңіске кәрі басты иіп тұрмыз,

Ұрпаққа бақыт әкеп биік тұрмыз.

Кешегі тау қопарар жас денеге,

Шапанын кәріліктің киіп тұрмыз.

 

Көбі кетті келместің сапарына,

Оранып жер ананың шапанына.

Ұрпағым бар деп кетті қорғайтұғын,

Талқандап жауды жеңіп апанында.

 

Жеріміз көзіміздің қарашығы,

Бейбіт күн еліміздің жарасымы.

Барымыз, базарымыз, байлығымыз,

Кетпесін қала менен дала сыны.

 

Қосылсақ алдыңғы елдің қатарына,

Ұрынбай көрші-көлең қатарына.

Мың өліп, мың тірілген қазақ едік,

Батырлығы жарасқан атағына.

 

Мамыражай өткізсек күнімізді,

Сыйласақ дінімізді, тілімізді.

Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап,

Басқаға түсірмесін күнімізді, – деп толғанады ұлағатты ұстаз. Ол ұрпақтарына берекелі бейбіт күн тілейді.

Зияда ата жасаған істері, адамгершілік қасиеті, кісілік келбеті ел барда, ұрпақ барда, шәкірттері барда ұмытылмақ емес.

Т.А. Сейдельханова,

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ «Тарих» мамандығының 4-курс студенті   

Қазақ
× You found a Typo