Error message

  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).
  • Warning: Creating default object from empty value in ctools_access_get_loggedin_context() (line 1411 of /var/www/modules/ctools/includes/context.inc).

Ұлылар мекеніне шығармашылық саяхат

Университеттің  2016-2017 оқу жылындағы «Үздік академиялық тобы» - Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенттері Ұлылар мекені - Шыңғыстауға шығармашылық саяхатқа барды.

Шығыста күн ерте шығады. Сол күнгі тіршілік басталысымен, Жидебайды бетке алған студенттер «қорғансыздың үні естілетін Күшікбайдан» саяхаттарын бастады. Арқалық-Күшік­бай асуындағы суы қысы-жазы мұз болып қатпайтын, не суымай-не ысымайтын, үнемі бір температурада болатын, бір замандарда қайнарынан Құнанбай, Абай, Шәкәрімдер шөлін басқан қасиетті бұлақтың басына аялдады. Күшікбай жоңғар шапқыншылығында батыр­лығымен көзге түскен, небары жиырма бір жасында өмірден озған аруақты батыр. Сол батырдың моласы тұрған биікте бүгінде ескерткіш тұрғызылып, көпшіліктің зиярат орнына айналыпты. Бауырынан боран мен ызғар айықпайтын Арқалық тауының осы тұсында ғой Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің желісі өрбитін. Ал  ізі осы асуда әлі де сайрап жатыр.

Осында аялдап, тынығып алған саяхат­шылардың сапары Бөрілімен жалғасты. Ке­меңгер Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған Бөрілі. Бір төбеде жазушының «Қоңыр туған анам, Туған жерім Бөрілі» деген жазуы қашалған тасты көресіз. Оған таяу Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі бар. 1987 жылдан бері мұражайға айналған бұл шаңырақта жазушының балалық, жастық дәурені өткен, осы үйге атасының айттыруымен алғашқы жары Райханды түсіріп, Мұғамила, Шоқан есімді балаларын сүйген. Мұражайдағы суреттер, құжаттар, қолжазбаларға  жан бітіріп қызықты да әсерлі әңгіме пернесін шерткен  мұражай меңгерушісі Шағжан Бекенұлы Мұхтардың «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тұң­ғыш шығармалары да осы шаңырақта жазыл­ғанын айтты. Әкесі Омархан мен шешесі Нұржамал, әжесі Дінасыл, ағасы Қасымбектердің бейіті үйдің іргесінде екен. 

 Бұл маршрутта тағдырдың жазуымен атақты Шыңғысханның лагері мен Абай Құнанбайұлының қорық-мұражайының көрші келуі де таң қаларлық құбылыс. Көк аспанға бой тартқан Абай мен Шәкәрімнің күмбезді мазарлары, Тоқтамыс хан мен Мамай батыр мазарлары да тарихтан сыр шертеді. Бұрын осы орынға жерленген Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахмет бейіттері қозғалмай солардың бірін ішіне ала тұрғызылған кесене құрылысы көшпелілер мәдениетінің үрдісіне қазақ халқының космологиялық танымын бейнелейді. Сонымен бірге, Абай-Шәкәрім кесенесіне Самархандтағы Бүр -Әмір, Аградағы Тәж – Махал кесенелерінің әсері де байқалады.

«Еуразия кеңістігінің кіндігі». Дәл осы жазу Жидебайдағы Абай үйінің маңындағы ашық алаңқайға орнатылған пирамида пішіндес құлпытастың төрт қабырғасында төрт тілде жазылып тұрды. Граниттен жасалған шағын мүсіннің биіктігі белуардан аспайды. Бірақ оның орналасқан орны мен сырлы символикасы қоңыр тастың қадірі мен маңызын мың есе арттырып тұр. Еуразия материгінің кіндігі дәл осы Жидебайдағы Абай үйінің маңында екенін біреу білсе, біреу білмес. Жер кіндігі – Жидебай. Білімпаз студенттер Еуразияның қақ төсінде, Абайдың үйінде болды. Қазақтың бас ақыны ғұмыр кешкен киелі мекеннің рухын сезініп, топырағын сүйді. Самалымен сырласып, аспанымен тілдесті. Аруағына Құран бағыштап, дұға оқыды. Бір арманы орындалды.

Екі күмбездің ортасында төбесі ашық шағын амфизалда Абайдың өлеңдері оқып, әндерін шырқады. Кішігірім «Абай оқулары» өтті.

«Еңлік–Кебек» ескерткіші махаббат үшін құрбан болған Тристан мен Изольда, Рамео мен Джульетта оқиғасын еске түсірді.

 Бір сапар – бір ғұмыр деген рас қой. Шығармашыл студенттерге ұлы ақын туған, өмір сүрген күзеуі мен қыстауы, шабытын оятқан көктемгі дала көріністері, тұтынған заттары, өз қолымен ұстаған кітаптары көру ақын заманына бір барып қайтқандай әсер қалдырды.
«Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын», әрине. Университеттің академиялық топтарының арасында жыл сайын сайыс ұйымдастырып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріп, осындай сырлы саяхат жасауға мүмкіндік жасаған университет басшылығына алғысымыз шексіз.

Топ кураторы Қ.Барбосынова

 

Қазақ

Tags:

× You found a Typo