Облыс орталығында кезекті ауқымды студенттер байқауы өтті. «JasStar-2023» шарасы - қала әкімдігімен ұйымдастырылған жоғары оқу орындары дарындарының басын қосқан өнер сыны.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты - жастардың шығармашылық бастамасын қолдау және әлеуметтік белсенді, креативті тұлғаларды қалыптастыру.
- Біз жастарды жан-жақты дамытуға тиіспіз. Соның ішінде шығармашылық бағытта. Бүгінгі бас жүлде - қала әкімінің ауыспалы кубогі және жарты миллионның сертификаты. Жалпы жүлде қоры 750 000 теңгені құрайды,-деді Өскемен қалалық жастар орталығының директоры Айдос Әділбеков.
Әділқазылар алқасы өнерпаз жастарды бірнеше жанрда бағалады. Оның ішінде вокал, би, әзіл, сахналық қойылым және аспаптарда ойнау сындары бар. Қатысушылардың өздері мұндай іс-шараға дайындық көп күш-жігерді қажет ететінін және алған әсерлері студенттік өмір туралы ерекше естелік болатынын айтады.
- Керемет эмоция! Ойдағыдай өнер көрсетіп шықтық. Өзімізді үлкен сахнада көрсете алғанымызға қуаныштымыз. Бұған дейін жақсы дайындалдық. Байқау қорытындысына ризамыз. Жеңбей үйге қайтпаймыз. Жеңіс бізде болады, - деді Amanzholov University студенттері.
Оқу орны үшін жанкүйер болуға белсенділердің достары, курстастары, жанұялары мен университет ұстаздары келді. Университет ректоры шара басталмас бұрын жастарды рухтандырып, тілегін айтты.
Өнер сайысы бірнеше сағатқа созылды. Осы уақытта концерт залында керемет атмосфера орнады. «JasStar-2023» студенттер байқауының соңы номинациялар иелері мен жеңімпазды жариялаумен қорытындыланды. Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік вокалдық нөмір», «Үздік дәстүрлі өнер» номинациялары ШҚУ-ға бұйырды. Ал, ең басты жүлде, жеңімпаз кубогін де Amanzholov University талантты жастары алды. Керемет көңіл-күйден бөлек, ЖОО командасы 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты алып қайтты.
Байқаудың келесі кезеңі – 25-26 мамыр аралығында өтетін ауқымды облыстық фестиваль болмақ.