ШҚМУ Жаратылыстану ғылымдары және технологиялар факультетінің түлектері диплом алды. Бакалавриаттың 16 мамандығы бойынша түлектер шығарылды.
Қызыл дипломдарды стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, PhD докторы Ғалымбек Әділбекұлы Сералин тапсырып, тілегін жеткізді.
Факультеттің 167 түлегінің 63-і үздік диплом алып отыр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған студенттердің алғашқы легі де ЖОО-ны бітірді.
Факультеттің 6 кафедрасында білікті оқытушылар дәріс береді, заманауи білім беру тәселдері қолданылады, оқу-ғылыми базасы мықты, білім алушылар әлеуметтік жағынан қорғалған. Осының бәрі бәсекеге қабілетті маман даярлауға мүмкіндік береді.
Осы жылы тағы 6 бакалавриат, 1 магистратура, 3 докторантура (химия, биология, математика) мамандығы ашылмақшы.
ШҚО ТЖД кадрлар бөлімінің бастығы Бауыржан Жүрекбаев түлектерді құттықтап, факультет түлектері жыл сайын ТЖД қатарын толықтырып келетінін айтты. Факультет деканы Досым Ерболатұлы түлектерді, олардың ата-аналары мен ұстаздарын құттықтады. Доцент Гүлсім Бектасова түлектерге өз ақыл-кеңесін жеткізді.
Рәсімде ШҚМУ гимні орындалып, «Ұлы дала» және «Қазағым-ау» әндері шырқалды. Мереке естелік фотосуретке түсумен аяқталды.
Барлық түлектерді құттықтап, табыс тілейміз!
Жаратылыстану ғылымдары және технологиялар факультеті